ЖІБЕК ЖОЛЫ КЕДЕН БЕКЕТІНДЕ ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетін ретке келтіру бойынша жауапты сала басшыларымен кездесті. Бұл бағытта кезең-кезеңімен ауқымды жұмыстар жүзеге аспақ. Жиналыста осы мақсатта жүзеге асырылатын Түркістан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жобасы жан-жақты зерделенді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағымы және жүк көліктері қозғалысы үшін аса маңызды бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Шекара аймағындағы инфрақұрылымды, автотұрақтарды реттеу, қызмет көрету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, көгалдандыру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын ретке келтіру, бағытында жұмыстар жалғасады.
Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекеті — тек Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі саналады. Күн сайын шекарадан 40 мыңға дейін жолаушы, 1200 жеңіл автомобиль және автобус өтеді. Өткізу пунктінің есептік өткізу қабілеті тәулігіне 17 500 адамды құраса, адамдардың нақты ағыны 2,5 еседен асады. Өткен жылы өткізу пункті арқылы 8 млн адам өткен.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағымы және жүк көліктері қозғалысы үшін аса маңызды бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Облыс әкімі шекарадағы тауар айналымын заң жүзінде реттеу, жұмысты жүйелеу жөнінде ұсыныс-пікірлерін айтты. Жауапты тұлғалардың жұмыс барысы туралы ойларын тыңдады.

– Түркістан облысының көліктік-логистикалық әлеуеті өте жоғары. Өзбекстанмен шектесетін Сарыағаш ауданының да мүмкіндігі зор. Сондықтан кеден бекетінің әлеуетін пайдаланып, жұмыс орындарын көбейтуге, ел табысын молайтуға болады. Жүйелі жұмыс істелуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Е.Тұрысов «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысын баяндады. Кеден бекеті арқылы күнделікті 1000-ға жуық жеңіл автокөлік және 50 шақты жолаушылар автобусы өтеді. Жаяу жүргіншілер де көп.

Кездесуде облыс әкімі тарапынан өткізу пунктінде азаматтарға қолайлы жағдай жасау, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында туризмді дамытуға мүмкіндік жасау, кеден бекетінің инфрақұрылымын модернизациялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, кеден бекетінің маңындағы валюта айырбастау пунктерінің жұмысын реттеу, кеден бекетіне кіреберіс жолда тазалық сақтау, шекаралық бақылаудан өтетін азаматтарға құжаттық бақылауды автоматтандыру жөнінде тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*