ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЕРЕКШЕ САЯБАҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Түркістанда бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында. Аймақ басшысы кезекті рет Түркістанды жаяу аралап, құрылыс алаңдарында болды. Алдымен, Белсенді демалыс саябағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылаған облыс әкімі қала әкімі мен мердігер мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Саябақ ішінде ағаш көшеттерін отырғызуда нақты жүйе, логика болуы тиіс. Өңірімізде өсетін ағаштарды көбейтіңіздер. Көгалдандыруға мән беріңіздер. Бұл саябақ туристерді тартатын орынға айналуы керек. Құрылысты, көгалдандыруды сапалы жүргізіңіздер. Қатаң бақылауда тұр , – деген Дархан Сатыбалды мердігер мен мамандардың ұсыныстарын да тыңдады.
Демалыс аймағы №7 және №30 көшелердің бойында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын «Компания Өнім» ЖШС жүргізіп жатыр. Жер көлемі – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61,892 шаршы метр болса, жабындар алаңы 42777 шаршы метрді құрайды. Құрылысы 2 кезеңмен жүзеге асуда. Қазіргі таңда І кезең жұмыстары аяқталып, ІІ кезеңнің жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы басталған құрылыс нысанын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, елімізде баламасы жоқ бұл саябақта тропикалық өсімдіктер, ағаштар өсіріледі. Арнайы жылыжай-ғимаратында саябақ қысы-жазы бойы жасыл болып тұрады. Арнайы жылу жүйесі орнатылады. Сонымен бірге сахна, трибуна, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынады. Саябаққа түрлі құстар, балықтар әкелінеді деген жоспар бар. Бүгінде мұнда ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселген.

Түркістанда салынып жатқан құрылыс нысандардың, ғимараттардың, саябақтардың сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, былтыр жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Өткен жылдары қала аумағында 19 мердігер мекемеге ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілген. Соттың шешімімен 5 млн теңгеден аса айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылған еді. «Жуырда жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралап шығып, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жұмысты сапалы атқару тапсырылды. Кемшіліктерді түзетуге мерзім белгіленіп, қадағалаушы мен бақылаушы мамандарға ескертілді. Түркістандағы әрбір құрылыс нысаны қатаң бақылауда болады», дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Киелі шаһардағы құрылыс жұмыс­тары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғима­рат­тары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түр­кістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-руха­ни орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітап­ханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм уни­верситеті бой көтерді. Құрылыс қар­қыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*