Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Жылы су ауылдық округінде өтті.
Аудан басшысының есептік кездесуіне бөлім басшылары мен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Есімжан Надиров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов, газ таратушы және электр желілері мекемелерінің өкілдері, білім және денсаулық сақтау салаларының басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиында алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуы барысымен, ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырған Серік Үсенұлы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Жыл басында тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген 10 мәселенің бүгінде 4-і орындалса, 6-ы орындалу үстінде.
Нақтырақ айтар болсақ, Сейфуллин елді мекеніндегі Қосымбаев көшесіндегі электр бағаналары мен трансформатор «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан ауыстырылса, округ аумағындағы жалпы саны 42 дана тік дренаж ұңғымаларының жұмысқа жарамдылығы тексеріліп, қажеттілігіне қарай іске қосылуда.
Сонымен қатар, Мырзашоқы елді мекені аумағынан өтетін КХ-9 автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Жылы су елді мекеніндегі авариялық жағдайдағы мәдениет үйінің ғимаратын бұзылуда.
Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Жылы су ауылындағы М.Әуезов көшесіне электр желілерін салуға 735 мың теңге, Әл-Фараби ауылының Атақоныс және Жоба көшелерін жарықтандыру жұмыстарын бастауға 11 млн теңге, Мырзашоқы елді мекеніне спорт алаңшасын салу үшін 22 млн теңге бөлінген. Ал, Мырзашоқы ауылындағы Жоба, Баққоныс ауылындағы Жоба, Ақбұлақ көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 24,2 млн теңге қаралған.
Сондай-ақ, биылғы жылы ауданда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 3 мектептің, 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункттің, Асықата кентінен 3 қабатты 54 пәтерлі, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінен 2 қабатты 16 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округінің Қазыбек би елді мекенінен 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Биылғы жылы 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде, 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Қарақай ауылдық округінің Сәтпаев, Жаңа ауыл ауылдық округінің Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде» деген аудан басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кезек күттірмейтін мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді.
Пікір қалдыру