МАҚТААРАЛ АУДАНЫ 2026 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ 100 ПАЙЫЗ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАТЫН БОЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекеннің жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша, 2026 жылы мақтааралдықтар 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.

Қазіргі таңда ауданда елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. Ал, 19 елді мекенде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса, көрсеткіш 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында 80 дана ішкі көшелерге бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржыға орта жөндеу жүргізілген ауданда 54 елді мекенде тәулік бойы, 13 елді мекенде кестемен ауыз су беріледі. Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оның 4-не мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа жол елді мекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*