Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында заңсыз орналасқан құрылыс материалдарының орны көгалдандырылуда. Аумақтағы жағдай көп жылдан бері қоршаған ортаға зиян келтірген.
Көгалдандыру барысында топырақ қалпына келтіріліп, құнарлы жер дайындалды. Жалпы саны 100-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаны тазартуға және тұрғындар үшін жайлы демалыс орындарын құруға бағытталған.
«Бір тал кессең, он тал ек» демекші, қаламыздың көркеюіне біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен бүгін тал егіп жатырмыз.Бұл тазалық акциясы өзіміз өмір сүретін ортаны жай ғана жинап-тазалау емес, тұрғындарды өз қаласын таза ұстауға шақыру деп білемін. Сондықтан бәріміз де белсенділік танытуымыз қажет, — деді шара қатысушылары.
Ұйымдастырушылар мұндай акцияның тек тазалыққа ғана емес, халықтың мәдени санасын оятуға да пайдасы зор екенін айтады. Мәселен, тазалық іс-шарасына қатысқан мектеп оқушыларына қоршаған ортаны қорғау керектігін, экологияға зиян келтірмеу – адам өмірін сақтаумен бірдей екені түсіндірілді.
Өз кезегінде қала тұрғыны, зейнет демалысындағы еңбек ардагері шаһардағы саябақтарға демалып, таза ауамен тыныстауға жиі келеді екен. Биылғы атқарылған тазалық жұмыстарына дән риза екенін айтады. «Мұндай сенбіліктердің саябақтар күтіміне пайдасы зор. Себебі осында демалуға келген адамдар айнала жасыл желекке оранған табиғаттың ортасында отырса, көңіл күйлері көтеріліп, жүйке жүйесінің де бір сәт тынышталуына күшті әсері бар», дейді бұрын дәрігер болған Әлима апамыз.
Көгалдандыру шаралары Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Жайлы ортаны дамыту басқармасы және Абай аудан әкімдігі қызметкерлерінің бірлесуімен жүзеге асырылды. Алдағы уақытта бұл аумақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналады деп күтілуде.
Пікір қалдыру