Күннен-күнге түрленіп жатқан Түркістанға төрткүл дүние көз тігіп отырғаны жасырын емес. Түркі елдерінің рухани астанасы ретінде мәртебесіне сай шаһар болып қалыптасуы жолында жасалып жатқан игі істер қарқын алып, бүгінгі Түркістан алып құрылыс алаңына айналған. Десек те түркістандықтар той тойлап, көңіл көтеруге де уақыт табатын халық. Оның үстіне қала күнін атап өту үрдісінен жаңылуға.
Түркістан қалалық орталық кітапханасында «Қала күні» мерекесіне орай «Түркістаным – киелі мекенімсің» атты кітап көрмесі және қобызшы, ұстаз Ақбота Бердалиевамен кездесу кеші өтті.
Іс-шараға облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Бейсембаев, еңбек және тыл ардагерлері Жарқынбек Ерсін, Хамза Пәйзіұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, зейнеткер кітапханашы Раушан Сержанова мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Кездесуде Ақбота Бердалиева қыл қобыздың қасиетін айта отырып, көне аспаппен күй тартты. Көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз шығармашылығынан өнер көрсетті.
Бердалиева Ақбота 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Жетісай қаласындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған. Шымкент қаласындағы музыкалық училищенің ұлт аспаптар бөліміне оқуға түсіп, аталған училищені 1981 жылы оқуын аяқтап шыққан. 1981 жылы жолдасы Асқар Жақыпбековпен Түркістан қаласына сол тұстағы қала басшысының шақыртуымен келіп, «Яссы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрған. Ансамбль кезінде ел аумағынан асып, шетелдерге гастрольдік сапарлармен барды. Екі өнер адамының перзенттері де өнер жолын таңдаған. Ұлы қаламыздағы саз мектебінде домбыра класының тәлімгері болса, қызы да музыкант. Ақбота Бердалиева 40 жылдай саз мектебінде қобыз пәнінен дәріс берген. Тәрбиелеген шәкірттері Қазақстанның өнері мен мәдениетін көтеруге үлес қосып келеді. Халықтың ықыласына бөленген Ақбота Бердалиева Президенттің қабылдауында болып, Алғыс хатпен марапатталған. Бүгінде зейнеткер, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мүшесі.
Мәдени шара соңында қатысушылар кең көлемде жасақталған кітап көрмесімен танысты.
Пікір қалдыру