Түркістан қаласында қоғамдық көлік пайдалану мәдениетін арттыру және заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бүгін «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі», жол патрульдік полициясы және «AlemPay» ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік тексеріс жұмыстары жүргізілуде.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 622-бабының 2-тармағына сәйкес, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлемеу – 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұлға әкеп соғады. Ал жүргізушілердің жолаушыларға билет бермеуі осы баптың 1-тармағы бойынша қарастырылады және 1 АЕК айыппұл салынады.
2024 жылғы АЕК мөлшері – 3 450 теңге.
Қоғамдық көлік пайдалану ережелерін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өз құқығыңызды қорғап, билет талап етіңіз және жол жүру ақысын төлеуді ұмытпаңыз.
Айта кетейік, қалада 2021 жылдан бастап 3 жылда қоғамдық көліктер 100%-ға жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы 40 автобуспен толықты. Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобустар қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бағыттарда 300-ге жуық жүргізуші қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жолаушылар 2 тасымалдаушы мекемеге тиесілі, сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалданады. Олардың бірі «Жолаушы» ЖШС қала тұрғындарына сапа стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Автобустар заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы болуы үшін пандуспен жабдықталған, төмен табалдырықты автобустар қызмет көрсетуде. Олар қоршаған ортаға зияны жоқ Еуро-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
Облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6 пайызы жарықтандырылған еді. Ал, 2022-2023 жылдар аралығында жарықтандыру көрсеткіші 80 пайызға жетті. 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95 пайызға жетпек. Сондай-ақ, қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылды. Жетпіске жуық көше, мектеп пен балабақшада жол таңбалары орнатылды. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25 хаттама толтырылды.
Пікір қалдыру