Осы жылы «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жарық көре бастағанына дәл бір ғасыр толып отыр. Ұлт руханиятының ұйытқысына айналған бұл басылымның ғасырлық белесі – қазақ баспасөз тарихындағы елеулі оқиға. Бір ғасырға жуық уақытта газет ұлттың талай тағдырлы кезеңдерін көз алдымызға әкеліп, рухани шежіреге айналды. Осы мерейлі датаға орай Түркістан облысының орталығындағы «Жібек жолы» саябағында салтанатты түрде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылып, оған 100 түп көшет отырғызылды.
Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, жергілікті билік мүшелері, газет редакциясының ұжымы мен елдің түкпір-түкпірінен арнайы келген облыстық газеттердің редакторлары қатысты. Атап айтқанда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан сынды өңірлерден келген бас редакторлар түркістандық әріптестерімен бірлесіп көшет отырғызды. Бұл – газет ұжымының ғана емес, тұтас республикалық ақпарат кеңістігінің ынтымақтастығын айғақтайтын игілікті іс.
«Газет те адам сияқты. Алғаш тәй-тәй басқан қадамына ел қуанады, тәй-тәй басқан сәбидің жүрісіндей алғаш шыққан газеттің де әр санын халық ерекше күткен. Уақыт өте газет аяғына тік тұрып, елдік мүдде жолында қызмет етті. «Оңтүстік Қазақстан» газеті де осы жүз жылдық сапарында талай асудан өтіп, сындарлы шақтарды еңсерді. Тіпті қаржы тапшы кезінде де оқырманымен байланысын жоғалтпады. Бүгінде ол ұлттың рухани шежіресіне айналып отыр», – деді газеттің директор-бас редакторы Абай Балажан. Шара барысында сөйлеген сөзінде ол: «Аллеяның ашылуы – басылымның ғасырлық тарихын жаңа белеске шығарғандай. Бүгін егілген көшеттер келешекте жайқалып, үлкен саябаққа айналып, елге сая болғай. Бұл – жүз жылдық белестен өткен абыз басылымға айтылатын ізгі тілектің бір парасы», – деп атап өтті.
Аллеяның ашылу салтанаты – тек мерейтойлық шара ғана емес, сонымен қатар табиғатқа қамқорлық танытып, өскелең ұрпаққа жасыл мұра қалдыруды көздейтін игі бастама. Бір ғасырға жуық елмен бірге жасап келе жатқан «Оңтүстік Қазақстан» газеті халқының өркендеуіне, ұлттық сананың нығаюына зор үлес қосты. Тарихтың соқпақты жолдарынан өткен газеттің әрбір беті – тұтас бір дәуірдің куәсі, ел дамуының айнасы. Ендігі кезекте сол рухани мұра мен дәстүр сабақтастығын нақты іспен жалғастыру, табиғатқа жанашырлық таныту маңызды.
«Жібек жолы» саябағы – Түркістан өңірінің символына айналған, көпшілік демалатын, рухани тынығатын орын. Ал енді саябақтың бір бұрышында жайқалатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы тарих пен табиғатты, руханият пен жасампаздықты байланыстырушы алтын көпірге айналмақ. Әр көшет – ұлт болашағына жасалған инвестиция, жер игілігін еселеуге бағытталған қамқорлық белгісі. Бұл жасыл желек тек қаланың көркін келтіріп қана қоймай, ондаған жылдардан кейін де газеттің кемел тарихын еске салып тұратын мәңгілік ескерткіш іспетті.
Өңірлік зиялы қауым өкілдері мен редакторлар осындай ортақ іске жұмыла отырып, аллея құру арқылы бірлікті, ынтымақты, достықты нығайтуға атсалысты. Олардың бірлескен еңбегі қоғамға үлгі болары сөзсіз. Газеттің ғасырлық мерейтойы – бұл тек басылымның мерекесі емес, сонымен қатар бүкіл қазақ журналистикасының, қазақ руханиятының тойы. Ақпарат айдынында ардагер басылым ел-жұртына арқа сүйеп, уақытпен бірге түлеп, жаңғырып, жаңарып келеді.
Бүгін егілген көшеттер уақыт өте саялы баққа айналып, өңір тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналары анық. Ұлағатты мерейтой қарсаңында осындай әрекетке бару – болашақты ойлау, ортақ игілікті көздеу. «Оңтүстік Қазақстан» газеті ғасырлық тарихын тек сөз жүзінде емес, нақты іспен де айшықтап отыр. Бұл бастама – ел мен жер, рух пен тарих сабақтастығының көрінісі.
Осылайша, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы жаңа бір тарауды ашып, болашаққа үлгі-өнеге боларлық іс-шарамен есте қалды. Ғасырлық басылымның рухани шежіресі алдағы уақытта да өз жалғасын табады, ал «Жібек жолы» саябағындағы жаңа аллея сол өлмес өнегенің символына айналмақ.
Пікір қалдыру