Түркістан қаласының жуырда ғана тағйындалған әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, руһани астана тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырды. Ол бұл жайлы арнайы бейнеүндеу жасап, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
«Құрметті түркістандықтар! Тазалық – тек қаламыздың көркі ғана емес, денсаулығымыз бен болашағымыздың кепілі. Әрбіріміз туған қаламыздың тазалығын сақтауға үлес қосайық. Қоқысты арнайы орындарға тастап, қоғамдық орындар мен көшелерді таза ұстау – әр азаматтың міндеті.
Өздеріңіздің қатысуларыңызбен жыл басынан бері жетпіске жуық сенбілік өткізіліп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қарқынды жұмыстар жасалынды.
Әр апта сайын 2 мың тұрғын сенбілікке тартылды. 150 мыңнан астам көшет отырғызылып, тонналап қоқыстар шығарылды.
Жалпы күн сайын таңғы 5тен бастап 380 санитарлық-тазалық жұмысшылары үлкен көшелерден бастап, аула іштеріне дейін тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырады.
Соңғы 1 айда қоғамдық орынды ластағаны үшін 70 әкімшілік хаттама толтырылған. Қала тазалығын сақтамаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша – 40МРП, 505-бабы бойынша – 18 МРП, 204-бабы бойынша – 12МРП айыппұл салынатынын еске саламыз.
Бұл – біздің қаламыз. Туып-өскен, мақтан ететін – Түркістанымыз. Тазалық — бізден басталуы керек. Рухани астанамыз, Түркі елдерінің туристік орталығы әрқашан, қай мезгіл, қай уақыт болмасын, таза болуы керек. Тазалықты өзімізден бастайық!
«Таза қала – жарқын болашақ!» екенін ұмытпай, бірге әрекет етейік»,- дейді өз үндеуінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Пікір қалдыру