
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» атты ауқымды іс-шара өтті. Бұл шара – жай ғана мерекелік жиын емес, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар арасында қауіпсіз өмір салтын насихаттау, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрету, сондай-ақ жарақаттану мен түрлі қауіп-қатердің алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар тек мерекемен шектелмейді. Түркістан облысында жыл бойы балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Іс-шара барысында қала балалары мен қонақтарына арналған шеберлік сабақтары, қауіпсіздікке қатысты викториналар, флешмобтар, қызықты ойындар және концерттік бағдарлама ұсынылды. Құтқарушылардың кәсіби құрал-жабдықтарымен танысқан балалардың жүзінен таңданыс пен қызығушылық байқалды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметінің нағыз батырларымен кездесу мүмкіндігі жас бүлдіршіндерге шабыт сыйлады.
Балалар – мемлекеттің ең қымбат қазынасы, қоғамның болашағы мен тірегі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау мен олардың амандығына бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. «Әділетті Қазақстан – балалар үшін» қағидасы қоғамда терең тамыр жайып келеді. Балаларға жайлы орта қалыптастыру – тек отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің ортақ міндеті.
Түркістан облысы еліміздегі демографиялық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Бұл аймақтағы әрбір үшінші тұрғын – бала. Сол себепті, облыс басшылығы мен жауапты мемлекеттік мекемелер балалардың білім алуына, тәрбиесіне ғана емес, қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде бұл мәселенің маңыздылығы арта түседі.
Жаз мезгілі – балалар үшін ең сүйікті уақыт, бірақ дәл осы кезеңде қауіп-қатерге тап болу қаупі де артады. Суға шомылу, табиғат аясындағы демалыс, үйдегі техникалық құралдармен ойнау – мұның барлығы баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдерге, тіпті балалардың өздеріне де сақтық шараларын үйрету – өмірлік қажеттілік.
Құтқарушылар балаларға судағы қауіпсіздік, өрт шыққанда өзін-өзі ұстау, бөгде заттармен ойнамау және апат кезінде қашып құтылу тәсілдері жөнінде нақты әрі қызықты түсіндірмелер берді. Мұндай шаралар балалардың тек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды жауапкершілікке, шынайы өмірге бейімдейді.
Осы күні айтылған әрбір кеңес – баланың өмірін құтқаратын нақты әрекетке айналуы мүмкін. Бұл тек Төтенше жағдайлар департаментінің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ парызы. Балалар – елдің болашағы. Олар аман болса, еліміз де баянды болады. Сондықтан олардың алаңсыз, қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету – әрқайсымыздың борышымыз.
Мерекелік іс-шара соңында құтқарушылар мен ұйымдастырушылар барша балаларға жарқын жаз, бақытты балалық шақ пен шынайы достық тіледі. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертті.
Пікір қалдыру