ПОЛИЦИЯ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСІРГЕН ЕМЕС

Цифрлық технологияның дамуы өмірімізді жеңілдеткенімен, интернет кеңістігінде түрлі қылмыстардың, әсіресе алаяқтықтың жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты. Соңғы жылдары елімізде интернет-алаяқтық деректері күрт артып отыр. Бұл жағдайға алаңдаған құқық қорғау органдары қазіргі таңда киберқылмыспен күресті күшейтіп, халықты хабардар етуге баса назар аударуда.

Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Кентаулық тәртіп сақшылары халық көп шоғырланатын сауда орындары, базарлар мен қоғамдық көлік аялдамаларында күнделікті түсіндірме жүргізіп, 1000-нан астам жадынама таратты. Бұл жадынамаларда интернет арқылы алданбау жолдары, алаяқтардың жиі қолданатын әдістері мен сақтану шаралары нақты әрі түсінікті тілде баяндалған.

Интернет-алаяқтардың арбауына түсу үшін арнайы бағдарламаны білудің қажеті жоқ – жалған жарнама, жеңіл жолмен пайда табу, тауарды алдын ала төлеммен сату секілді әдістер бүгінде кең таралған. Полицейлер осындай тәсілдерден сақ болуға шақырып, күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін бермеу қажеттігін ескертуде.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай алаяқтар тек бір өңірдің емес, бүкіл елдің аумағында әрекет етеді. Сондықтан алдын алу шаралары тек Кентау қаласында ғана емес, Түркістан облысының өзге аудандарында және Қазақстанның басқа өңірлерінде де белсенді түрде жүргізілуде. Халықты сақтыққа шақыру – полицейлердің басты міндеттерінің бірі. Алайда бұл бағыттағы жұмысқа қоғам да бейжай қарамауы тиіс.

Тәртіп сақшылары әрбір азаматты интернеттегі күмәнді әрекеттерге мұқият қарап, сақ болуға және күдік тудырған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады. Себебі киберқылмыспен күресте полиция мен халықтың бірлескен іс-қимылы ғана нақты нәтиже береді.

Интернет алаяқтығына қарсы күрес – бұл уақыт талабы. Сондықтан әрбір қазақстандық цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып, өз құқығын қорғауды үйренуі тиіс.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*