
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, ұлттық болмыстың және тәуелсіздіктің негізгі тіректерінің бірі. Осы орайда, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қызметтік іс-қағаздар мен қоғаммен байланыста тілді сауатты қолдану бағытында мазмұнды кездесу өтті. Аталған іс-шараға Тілдерді оқыту және дамыту орталығының білікті мамандары арнайы келіп, полиция қызметкерлерімен пікір алмасты.
Кездесу барысында орталық басшысы Гүлмира Байменова мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жүрегі мен жаны. Сондықтан да оны білу, құрметтеу – әрбір қазақстандықтың борышы» – деп, алдағы уақытта жарнама мен көрнекі ақпараттарда сауатты тіл нормаларын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Іс-шарада орталық басшысының орынбасары Перизат Жаппарова «Тіл туралы заңнамалар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, полиция қызметкерлеріне тілге қатысты құқықтық нормалар мен талаптарды кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, Отанды қорғап жүрген батырларға арналған өзінің авторлық өлеңін оқып, тыңдаушылардың жүрегіне патриоттық рух пен тілге деген құрмет сезімін ұялатты.
Шара аясында тіл туралы ой қозғаған қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының бейнеролигі көрсетіліп, қатысушылар ұлттық рухты сезініп, мемлекеттік тілдің құндылығын терең ұғынды. Мұндай тағылымды кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Ол тек тіл саясатын насихаттап қана қоймай, халықпен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметте жүрген әр азамат, соның ішінде полицейлер үшін тілге деген құрмет пен сауатты қолданыс – қызметтің маңызды бөлігі. Өйткені полиция – елмен етене жұмыс істейтін орган. Әрбір тұрғынмен тіл табысып, түсіністік орнатуда мемлекеттік тілді дұрыс қолданудың маңызы зор. Бұл – халықтың сенімін арттырып, ел ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықты нығайтудың бір жолы.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің ұжымы тілге деген жанашырлығын, ұлттық құндылықтарға деген адалдығын осы кездесуде тағы бір мәрте дәлелдеді. Полиция қызметкерлері үшін Отанға адал қызмет ету мен мемлекеттік тілге құрмет – егіз ұғым. Сондықтан олар тек тәртіп сақшысы ғана емес, тілдің де жанашыры бола білуі тиіс.
Бүгінгі осындай басқосулар – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, ұлт болашағы үшін қызмет ететін мамандардың жүрегіне тілге деген сүйіспеншілік ұялатып, патриоттық рухты арттырады. Ал бұл – ел дамуының басты алғышарты.
Пікір қалдыру