Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің 12%-ы облысқа тиесілі. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егіліп, Түркістан облысы құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артты. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
«2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, республикадағы үлесі 15%-ға жетіп екінші орынды иемдендік. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд.теңгеге артып, 706 млрд.теңге көлемінде болады деп межеленген. Бүгінгі күнге өнім жинау науқаны басталып, 2,2 мың тонна бақша, 245,4 мың тонна көкөніс, 22,3 мың тонна картоп жиналды. Одан бөлек 727,2 мың тонна мал азығы дайындалды», — деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Ағымдағы жылы облыс бойынша масақты дақылдардан 477,4 мың тонна, дәндік жүгеріден 202,8 мың тонна, мақсарыдан 74,4 мың тонна, мақтадан 334,8 мың тонна, көкөніс, бақша, картоптан 2 млн. 760 мың тонна өнім алу жоспарланған.
Сонымен қатар, өңірде тамшылатып суғару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетті. Ал жылыжайлар 55,02 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарды құрады. Бүгінгі күнге, жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілді.
Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна жанармай шаруаларға берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап жанармай бағасы литріне 160 теңгеге бекітіліп, нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан болды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру