
Түркістан қаласы білім беру саласындағы қарқынды дамуымен ғана емес, халықаралық деңгейде танылып үлгерген талантты шәкірттерімен де мақтана алады. Солардың бірі – Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің биылғы түлегі, «Алтын белгіге» үміткер, үздік оқушы Ибраим Елдана. Терең білімімен, табандылығымен және үздіксіз ізденісімен көзге түскен Елдана бүгінде мектеп қана емес, бүкіл қала жұртшылығының мақтанышына айналып отыр.
Дарынды шәкіртіміз Ибраим Елдана ағылшын тілін терең меңгеріп, халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл жинап, шет тіліндегі жоғары білім алуға жол ашты. Бұл көрсеткіш кез келген талапкер үшін жоғары деңгейдегі нәтиже саналады. Елдананың білімге деген құштарлығы мен көпжылдық еңбегінің нәтижесінде ол әлемнің алдыңғы қатарлы 18 беделді университетінен шақырту алды.
Атап айтсақ, АҚШ-тың жетекші оқу орындары қатарындағы:
-
New York Institute of Technology
-
Michigan State University
-
Penn State University
-
Worcester Polytechnic Institute
-
University of Washington
-
Marquette University
-
University of Massachusetts
-
Temple University
-
Rutgers University
-
Indiana University
-
La Roche University
-
Purdue University
-
Arizona State University
және Ұлыбританияның:
-
University of East London
-
University of Roehampton
-
University of Westminster
-
Coventry University
сонымен қатар, Еуропадағы Чехия университеті де Елданаға білім алуға шақырту жіберіп отыр. Бұл – бір ғана оқушының емес, тұтас ұжымның, ұстаздар мен ата-аналардың ортақ жеңісі.
Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейі — білім сапасы мен тәрбиелік әлеуеті жоғары оқу орны. Мұнда тек пәндік білім ғана емес, ІТ саласындағы бағыттар, шет тілдері, логика, сыни ойлау мен зерттеу дағдылары да қатар үйретіледі. Елдананың жетістігі — дәл осы бағыттардың дұрыс жүзеге асқанын көрсетеді.
Елдана сынды шәкірттердің жетістігі – жас ұрпаққа берілген тәрбиенің нәтижесі. Ол мектепте түрлі ғылыми жобаларға қатысып, дебат пен эссе жазу, логикалық олимпиадаларға белсенді араласқан. Оның қатарластары да түрлі салаларда жетістіктерге жетуде: халықаралық математикалық байқаулардың жүлдегерлері, робототехникадан республикалық жеңімпаздар, спортта ел намысын қорғап жүрген жастар – барлығы Түркістандағы білімнің жаңа биігін айқындай түседі.
Ибраим Елдананың табысы – мектеп қабырғасынан бастап берілетін сапалы білімнің, үздіксіз еңбектің және ата-ана қолдауының айқын жемісі. Түркістан жастарының осындай табыстары өңіріміздің білім деңгейін халықаралық дәрежеге көтеріп, елімізді әлемге таныта түсуде.
Біз Елданамен мақтанамыз! Оның жолын жалғайтын жас буынға сәттілік тілейміз. Түркістанның әрбір шәкірті осындай жарқын жетістікке жетіп, еліміздің болашағына өз үлесін қосарына сенеміз.
Пікір қалдыру