Орамал – қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Ол әйел затының бойындағы иманы, инабаты, қорғаны, талғамы, дәрежесі мен мәртебесі. Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақ орамал» этнотанымды симпозиумында ұлттық киімнің шығу тарихы мен қыз баланың бас киіміне байланысты кең көлемде салиқалы әңгімелер айтылды.
Маңызды басқосуда орамалдың ескі мен жаңа үлгілерін үйлестіріп, жаһандану дәуірінде өзіне тән бейнесін насихаттау үшін елімізге еңбегі сіңген этнограф-зерттеушілер арнайы шақырылған. Олардың арасында белгілі этнограф, қылқалам шебері, бірнеше этнографиялық кітаптардың авторы Ералы Оспанов, бізкестеші шебер, зерлеу үйінің негізін қалаушы Айжан Абдубайтова, этнодизайнер Тілек Сұлтан және қолөнер шебері Эльмира Шермұхаметовалар бар.
–Соңғы кезде қоғамда, әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының орамал орауы жайында көп пікірталас туындады. Дін жолын ұстанғандар мақұлдаса, тағы бір топ оған қарсы шығып жатыр. Маман ретінде айтар болсам, заман ешқашан бір орында тұрған емес. Үнемі ауысып, адамдардың өмірілік ұстанымы мен көзқарасы өзгеріп отырады. Өзгерістер орын алмаса, жаңалықтар да болмайды. Десе де, заманына қарай жаңалықтарды да дұрыс қабылдап үйрену керек. Дін мәселесі көтерілген сәтте оқушы қыздардың орамалына қатысты пікірлер жиі айтылады. Тарихқа үңілсек, қазақ Қоқан хандығы мен Кеңес дәуірінің озбырлығын бастан өткерді. Тәуелсіздіктен кейін біз ұлт ретінде қалыптасып, қазір ұлттық құндылығымыз бір ізге келе бастады. Егемендіктен кейін мемлекеттің аяқтанып алуына көп көңіл бөлінді де, құндылық, салт-дәстүрде азғана бостық пайда болды. Сол орынды түрлі діни ұстанымдар мен ұлтымызға жат киімдер иеленді. Қазір жас қыздардың басына қара және ақ түстегі орамалды жиі көріп жүрміз. Негізінде, салтымызда қыздар анасына көмектесу үшін үй шаруасына араласқан сәтте қызыл, сары, жасыл секілді жарқын түсті бір байлам шыт орамал ораған. Өйткені ақ орамал – балалы болған аналар орайтын орамал болған, — деді этнограф Ералы Оспанов.
Ал, этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақ қыздарының жасына қарай киім кию үлгісі жайында айтып берді.
–Қазақ халқының ең ардақтысы да, байлығы да әйелдері болған. Ер адамның бар байлығы – жүйрік аты мен беліндегі белдігі. Қыз бала шыр етіп өмір есігін ашқаннан, қартайып өмірден озғанға дейін киім-кешектерін алтын, күміс, асыл тастармен әшекейлеп, қадірлеген. Қыздар 5-6 жасқа дейін ұл баламен бірдей ойнап, өседі. Одан кейін кесек ұстамай, тазалыққа бет бұрып, қызға тән қасиеттер қалыптаса бастағанда анасы маңайындағы абысындарын шақырып, шағын той жасап, қыздың шашын өріп, алғашқы үкілі тақиясын, үстіне кестеленген қызыл комзол кигізген. Қазір кейбір адамдардың діни көзқарасқа байланысты 6-7 жастағы қыздарына орамал орағаны жиі кездеседі. Негізінде ата-салтымызда кішкентай қызды мұншалық еркінен тыс күйде орандырып қоймаған. Ежелден қазақ қызын қатты еркелетіп, құрметтеген. Бар жақсысын кигізіп, бар асылды қызға лайық көрген. Әке үйінен ұзатылып кеткенше қыздың басынан үкілі тақиясы түспеген. Бүгінде қазақтың қай ұлттық киімін алып қарасаңыз да, шариғатқа қайшы келмейді, – дейді этнодизайнер.
Симпозиум барысында Т.Сұлтан әр өңірдің, әр рудың кимешек үлгісін көрсетіп, осыған қарап әйелдердің жасы, тұрмыстағы жағдайы жөнінде баяндап берді. Осылайша басқосуға жиналған ақ жаулықты аналар, студент жастар, тігіншілер, зиялы қауым өкілдері ұлттық киімді насихаттаушылардан құнды мағлұматтар алып, ұлттық киімнің біз білмеген сырына қанықты.
Шымкент қаласында референдумға келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, қаладағы бірқатар референдум учаскелерінде тұрғындар арасында әртүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен сайыстар өтіп жатыр. Шымкент […]
Шымкент қаласында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Қоғамдық көліктердің жұмысын жақсарту, маршруттар желісін жаңарту және дамыту жөніндегі кешенді схема туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат […]
Шымкентте мобильді жұмыспен қамту орталықтары жұмысын бастады. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты орталықтар бүгінге дейін онлайн режимінде қызмет көрсетіп келді. – Мобильді жұмыспен қамту орталықтарының негізгі мақсаты – жұмыспен қамту, қысқа мерзімді оқыту, жұмысын жоғалтқан және […]
Пікір қалдыру