Биыл Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округі Тегісшіл, Таскесекен, Мадениет елді мекендерінде «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 36 көшенің 29,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіліп, қанағаттандырарлық жағдайға жеткізілетін болады. «Ауыл — Ел бесігі» жобасының басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.
Осы орайда, аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған бағдарламаның аясында жүрігізіліп жатқан жұмыстарды саралау мақсатында Тегісшіл ауылдық округі Таскескен елді мекеніне арнайы барып, жүргізіліп жатқан жолдардың жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап қайтты.
Жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне жол жөндеу жұмыстарын жобаға сәйкес мерзімінде, сапалы аяқтауды, ауылдық округ әкіміне бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы Сарыағаш қаласында жүргізіліп жатқан кәріздік тазарту қондырғысының құрылыс жұмыстарына арнайы барып, жай-күйімен танысты.
Құрылыс барысымен танысқан обылыс әкімінің кеңесшісі тиісті бөлім басшысы мен мердігер өкіліне құрылысты жүйелі түрде жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды. Себебі алдағы уақытта қаланың дамуын ескеретін болсақ, көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесіндегі мәселелерді шешуде нысанның орны маңызды екендігін атап өтті.
Сарыағаш қаласындағы кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3400 текше метр су тазартуға қауқарлы. Кәріздік тазарту қондырғысын салу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартуға оң септігін тигізеді.
Қазіргі таңда, бюджеттен құрылыс монтаж жұмыстарына қаржы қаралып, мердігер «Сарыағаш Аман» ЖШС-гі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысаны 2022 жылы басталған, ағымдағы жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр.
Мұнан бөлек аудан басшысы Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округі №35 Б.Гафуров атындағы жалпы орта білім мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады және Құркелес ауылдық окугіндегі жекеменшік бастауыш мектебінде атқарылған жұмыстармен танысты.
№35 Б.Гафуров мектебінің толықтай жаңарту жұмысы ағымдағы жылы мамыр айының соңында басталған. Білім мекемесі күрделі жөндеуден кейін біршама өзгереді: үш қабатты мектептің ішкі жарықтандыру жұмыстары толықтай аяқталып, жылу жүйесі жаңартылды, мектеп шатыры толықтай ауысып, спорт залдың шатыры жабылуда. Сондай-ақ, мектептің екінші және үшінші қабаттарына ішкі әрлеу, ғимараттың едені, есіктерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме өкіліне жұмыс қарқынын күшейтуді, сонымен қатар жауапты бөлім басшысына жұмыс барысын қадағалауды тапсырды.
Айта кетсек, «Әйтеке би» жеке меншік мектебі бастапқыда 2022 жылы 200 орындық бастауыш мектебі болып пайдалануға берілген. 2023-2024 жылдары 440 орындық қосымша ғимараттар және спорт залы салынып, қазіргі таңда жалпы 640 орындық негізгі мектеп ретінде оқушыларды қабылдауға өтінім қабылдауда.
Пікір қалдыру