ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСУДА

Биыл маусым айында Жібек жолы – Сайрам көшелері қиылысында жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілген болатын. Жаңа әлеуметтік нысан кәсіпкерлер тарапынан іске асырылды. Жаңа нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысып, тұрғындармен кездескен еді. Еңбекші ауданында биыл тағы 5 аумақты абаттандырып, гүлзар салу жоспарланып отыр. Ауданда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары қарқынды іске асуда. Жалпы, инфрақұрылымды дамыту, аулаларды абаттандыру, ирригациялық жүйелерді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы жоспарға сай жүргізілуде.

Таяуда Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек жарты жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз брифингін өткізген еді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң нәтижелер бар.Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданда инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда ұзындығы 732,91 шақырым 728 көше мен өткелдер бар. Жолдардың 535,77 шақырымы (73,1%) – асфальт, 158,38 шақырымы (21,6%) – тас, 38,76 шақырымы (5,3%) – топырақты жолдар. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. 2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырым 73 көше орташа жөндеуден өтсе, 2024 жылы ұзындығы 30,5 шақырым 78 көше жөнделеді. Қазіргі таңда бірқатар көшелерде жұмыстар бастау алды.
Сонымен қатар, 12 көшеге (9,3 шақырым) шағал тас төсеу («Еңбекші» КММ) және аудан аумағында көшелерге 10,3 шақырым аяқ жол салу («Сәтті Құрылыс НС» ЖШС) жоспарланған. Бүгінде Базарқақпа тұрғын алабында аяқ жол салу жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы қазіргі таңда 5 шақырым аяқ жол салынды.

2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату назарға алынған. 2 нысанда құрылыс жұмыстары басталды. Еңбекші ауданында 2024 жылы 5 гүлзар салу жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзіліп, жұмыстар басталды. Оның бәрі де демеушілер есебінен іске асады. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов көшесі №215 в, 217, 217 а, Елшібек батыр көшесі, Тоғыс тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесі, Ж.Арзымбетов көшесі, Бадам-2 тұрғын алабы № 97 мектеп жаны абаттандырылып, жаңа кейіпке енбек. Маусым айында «ВI Group» ЖШС-нің демеушілігімен Жібек жолы көшесінің бойынан қала тұрғындары мен қоңақтарына арналған қоғамдық кеңістік құрылған болатын. Мұның бәрі де тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қолға алынған жұмыстар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*