
Түркістан облысы Полиция департаментінің алаңында жеке құрамның қатысуымен кезекті гарнизондық байқау ұйымдастырылды. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары саптық дайындығын паш етіп, қызметке дайындығын көрсетті. Бұл жиын Қазақстан Республикасының арнайы мақсаттағы бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналды.
Салтанатты шарада Түркістан облысының бас полицейі, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел ішіндегі тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерен еңбектерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол гарнизондық байқау барысында жеке құрамның қызметке дайындығын тексеріп, олардың кәсіби машықтары мен физикалық даярлығына назар аударды.
Іс-шара барысында үздік қызметімен ерекшеленген, өз ісіне адал, нәтижелі жұмыс атқарып жүрген полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 10 полиция қызметкері Полиция департаменті бастығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Бақдәулет Рысалыұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталып, ел алдындағы қызметі жоғары бағаланды. Бұл медаль – құқық қорғау саласында үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге берілетін мәртебелі награда.
Министрліктің «Алғыс хатына» полиция аға лейтенанты Дәурен Қаныбек ие болды. Ол қызмет барысында кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсете білген мамандардың бірі.
Шара аясында ерекше жетістігімен көзге түскен тағы бір қызметкер – Парасат Жолдасбек Қазақстан рекордтар кітабының сертификатын иеленді. Ол бір аяғымен тұрып, қолына 10 келі салмақты гантель ұстап, 1 минут ішінде 30 рет отырып-тұрып, үлкен физикалық төзімділігін танытты. Бұл көрсеткіш – полиция қызметкерлерінің дене дайындығына ерекше көңіл бөлетінін дәлелдеді.
Сонымен бірге, Түркістан облысы Полиция департаментінің командасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шағын футболдан өткен турнирде І орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс – полиция қызметкерлерінің тек кәсіби емес, спорттық дайындықта да жоғары деңгейде екенін көрсетті. Аталған жарыста полиция капитаны Әбділда Бақытжанұлы «Үздік қақпашы» номинациясына ие болып, арнайы дипломмен марапатталды.
Гарнизондық байқау барысында Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері ұрыс тәсілдерін шеберлікпен орындап, арнайы операциялар кезінде қолданылатын әдістерді көрсетті. Сондай-ақ кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің көмегімен есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды анықтау шеберлігін ортаға салды. Бұл көріністер полиция құрылымдарының кәсіби шеберлігі мен техникалық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейде екенін тағы бір дәлелдеді.
Іс-шара соңында жеке құрам салтанатты сап түзеп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруға әрқашан дайын екендіктерін көрсетті. Әнұран шырқалып, мемлекеттік туды құрметпен көтеру арқылы салтанатты шерумен байқау қорытындыланды.
Бұндай шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығын шыңдап қана қоймай, олардың ел алдындағы адал қызметін дәріптеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жас буынға өнеге, халыққа сенімділік сыйлайтын маңызды дәстүрлердің бірі саналады.
Пікір қалдыру