СОЗАҚТАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА КӨТЕРІЛГЕН НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІ

Созақ ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында бекітілген апталық жоспар бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асуда. Соның бірі – халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған қоғамдық қабылдау. Бұл жолғы қабылдау «Қоғамға қызмет ету» бағыты бойынша ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері аудан тұрғындарын қабылдады.

Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және құқықтық көмек сынды салаларда сұрақтар қойылып, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар берілді. Алайда қабылдауға келгендердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты түйткілдерді көтерді.

 Тұрғындар жер телімдерін жалға алу, жайылым тапшылығы, жерді мақсатсыз пайдаланушыларға қатысты бақылау шараларының әлсіздігі сынды мәселелерді алға тартты. Сонымен қатар, кейбір азаматтар бұрын пайдалануда болған жерлердің қайта мемлекет меншігіне қайтарылған соң әділетті түрде үлестірілмегенін айтып, шағымдарын жеткізді.

Жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарға заңнамаға сәйкес жер алу жолдары мен талаптарын, конкурс арқылы үлестіру тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Мобильді түсіндіру тобы жергілікті халыққа ҚР Жер кодексінің талаптары, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру тәртібі, сондай-ақ, жердің бос жатуын болдырмау мақсатындағы мемлекеттік бақылау механизмдері жайлы кеңес берді.

Созақ ауданында өтетін қоғамдық қабылдаулардың тиімділігі жылдан жылға артып келеді. Азаматтар билік өкілдерімен бетпе-бет кездесіп, өз мәселелерін тікелей жеткізе алатын осындай форматтағы кездесулер – халықтың сенімін нығайтудың нақты көрінісі. Жер мәселесі секілді күрделі әрі маңызды тақырыптардың осындай алаңда ашық талқыланып, нақты қадамдарға ұласуы – атқарушы биліктің ашықтығы мен жауапкершілігін көрсетеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*