СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУДАҒЫ ЖАҢҒЫРУ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН

Түркістан облысында су ресурстарын басқару жүйесіне жаңа серпін беретін маңызды оқиға орын алды. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов іссапар барысында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына 133 жаңа техниканың кілтін табыстады. Бұл – өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі.

Аталған техникалар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы алынған және суармалы кезеңде каналдарды механикалық тазарту жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Жаңа техникалармен қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға, диқандар мен шаруа қожалықтарының қажеттіліктерін уақытылы қанағаттандыруға негіз болады. Бұл қадам – су үнемдеу мен сапалы сумен қамтамасыз етуді арттыру арқылы өңірлік экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

«Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалы суармалы жерлерді сумен қамтитын 1858 канал (ұзындығы 5497 км), 18 су қоймасы, 11 су бөгеті, 1208 тік дренажды ұңғыма, 408 қашыртқы және басқа да 76 нысанды басқарады. Осы инфрақұрылымның тиімді пайдаланылуы – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Жыл басынан бері 330 шақырым канал механикалық әдіспен тазартылды. Бұл – сумен қамтамасыз етудегі шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыруға жол ашады.

Су ресурстарының тиімді басқарылуы – Түркістан облысының экономикалық әлеуетінің бір тірегі. Облыс аграрлық бағыттағы аймақ ретінде ел экономикасында елеулі орын алады. Суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуы – экспортқа бағытталған өнімдердің көлемін арттырып, жергілікті халықтың табысын ұлғайтуға септігін тигізеді.

Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдау – Түркістан облысының экономикалық тұрақтылығы мен даму қарқынын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадамдардың бір бөлігі. Су шаруашылығы инфрақұрылымының жаңғыруы тек ауыл шаруашылығына емес, су қауіпсіздігіне, экологиялық тепе-теңдікке де оң әсерін тигізеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*