
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың нұсқауына сәйкес, өңір аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жолда жүру мәдениетін қалыптастыру.
Осы жұмыстар аясында облыстық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Қанат Ракишев Ордабасы аудандық полиция бөліміне арнайы іссапармен келіп, жергілікті тұрғындар және жүргізушілермен кездесу өткізді. Ашық форматта өткен бұл жиында жол қозғалысы ережелерін сақтау, жүргізушілік мәдениет, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Қ. Ракишев жүргізушілерге заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтіп:
«Жолдағы тәртіп – баршаға ортақ. Әр жүргізуші мен жаяу жүргінші қауіпсіздікті бірінші орынға қоюы тиіс. Бұл – тек өз өміріңізге ғана емес, өзгелердің тағдырына да тікелей әсер ететін жауапкершілік», – деп ескертті.
Патрульдік полиция қызметкерлері іс-шара барысында:
-
Автокөліктердің техникалық жағдайын тексерді;
-
Жүргізуші құжаттарының толықтығын назарға алды;
-
Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің сақталуын қадағалады;
-
Сондай-ақ, жүргізушілерге қару сақтау және тасымалдау тәртібі бойынша да түсініктемелер берілді.
Жол қозғалысы қатысушыларына ақпараттық парақшалар таратылып, қауіпсіздік талаптары жазылған нұсқаулықтар таныстырылды.
Құқық бұзушылықтарды нақты және жылдам анықтау мақсатында рейд барысында дрон құрылғысы қолданылып, бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді. Бұл – полиция қызметінде заманауи технологияны тиімді пайдаланудың жарқын мысалы. Дрон арқылы бейнетіркеу жүргізіліп, жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау, жол белгілерін елемеу сияқты әрекеттер анықталды.
Тәртіп сақшылары тарапынан берілген басты кеңестердің бірі – жолда жүру мәдениетін сақтау, жылдамдықты шектен тыс асырмау, мас күйінде көлік басқармау және жаяу жүргіншілерге жол беру. Сондай-ақ, балаларды арнайы автокреслосыз алып жүрудің салдары туралы да жүргізушілерге ескерту жасалды.
«Қауіпсіз жол – ортақ жауапкершілік» қағидасын ұстана отырып, Түркістан облысының полицейлері күнделікті қызметінде жолдағы тәртіп пен сақтықтың басты қағида екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жол апаттарының алдын алу, заң бұзушылықтарды азайту, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру – тек полицияның ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі.
Пікір қалдыру