ҚЫЗМЕТ ПЕН ОТБАСЫНЫ ТЕҢ ҰСТАҒАН САРБАЗ: СЕРЖАНТ – НАҒЫЗ ПАТРИОТ

Қоғамның қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қамтамасыз етуде әскери қызметкерлердің орны ерекше. Солардың қатарында өз қызметіне адал, отбасына үлгілі, нағыз патриот азамат – сержант Нұр-Ахан Асан бар. Ол – ҚР Ұлттық ұланы ІІМ 6698 әскери бөлімінің 2-ші атқыштар ротасының бақылаушылар взводының маманы болып қызмет атқарады. Әскери бөлім Шымкент қаласында орналасқан.

Нұр-Ахан Мырзанұлы – көпбалалы әке. Ол меншікті қызметі мен жанұялық өмірін ұштастыра білген жан. Қазірде жұбайымен бірге сегіз бала тәрбиелеп отыр: алты ұл және екі қыз. Бұл – отансүйгіштік пен жауапкершілік ұғымдарын өмірлік қағидасына айналдырған азаматтың ұрпақ тәрбиелеудегі үлгісі.

Сержанттың әскери жолы 2012 жылы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде басталды. Кейін, 2018 жылдан бастап қазіргі бөлімде қызметін жалғастырып келеді. Ол әскери қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Қоғамдық тәртіп пен қылмыстық-атқару жүйесіндегі нысандардың күзетін қамтамасыз ету оның негізгі міндеттерінің бірі.

– Бізге жүктелген міндетті мінсіз орындау – басты қағида. Әсіресе, бақылау қызметінде қырағылық пен сақтық ерекше маңызды. Әр қызметкер өз жұмысына толық жауапкершілікпен қарауы қажет. Қызметіне адал адам – отбасында да үлгі болады, – дейді сержант Нұр-Ахан.

Нұр-Ахан Мырзанұлы әскери қызметке арнайы біліммен келген. Ол «Бастапқы әскери даярлық» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Бұл оның әскери тәртіпке бейімділігін, таңдаған жолына деген ынта-ықыласын көрсетеді.

Қызметтестері арасында ол – тәртіптілігімен, адамгершілік қасиетімен, жауапкершілігімен ерекше көзге түскен маман. Жас сарбаздар үшін ол – үлгі тұтар аға, кәсіби кеңесші және тәлімгер.

Ол ұстанатын өмірлік қағидасы: «Қызметте – тәртіп, отбасында – тәрбие». Бұл қағида оның өмір салтын, құндылықтарын айқын көрсетіп тұр. Жұбайымен бірге ұрпағына рухани және ұлттық тәрбие беріп, Отанға адал болуға баулып отыр.

Мұндай азаматтар – ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің тірегі. Олар қоғамдағы тәртіптің, тұрақтылықтың сақталуына үлес қосып қана қоймай, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан қатарында сержант Нұр-Ахан секілді отансүйгіш, батыл және жауапты азаматтардың қызмет етуі – еліміздің болашағының жарқын болуына кепіл. Олар – елдің қорғаны ғана емес, қоғамның рухани тірегі де.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*