
Түркістан қаласында «Үлес» қайырымдылық қоры 50-ші тұрғын үйін табыстады. Бұл жолы көмек ерекше жағдайдағы отбасыға көрсетілді. І топ мүгедегі, көру қабілетінен айырылған Арман Ахлиддинов пен жұбайы, арбаға таңылған Лена Ахлиддинова жаңа пәтерге қол жеткізді. Ең бастысы — бұл отбасыда 15 жастағы мектеп оқушысы өсіп келеді.
Жасөспірім ұлы — 9-сыныпта оқитын білімқұмар, ұқыпты бала. Ата-анасының ерекше жағдайына қарамастан, ол өмірге сеніммен қарап, болашағына үлкен мақсаттар қойып келеді. Математика мен техникаға ерекше қызығушылық танытатын жасөспірім алдағы уақытта инженер болуды армандайды. Бұрынғы тар әрі жайсыз үйде оның оқуына да, дамуына да жағдай болмаған. Ал енді жаңа баспана оның білім алуы мен тұлғалық өсуіне үлкен мүмкіндік береді.
«Үлес» қайырымдылық қоры 2020 жылдан бері мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіп келеді. Қордың бастамашылары мен еріктілері ел ішінде тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты аналар мен мүгедек жандардың жағдайын ескеріп, баспана сыйлауды өздеріне мақсат еткен. Қор осы уақытқа дейін Түркістан, Кентау, Сарыағаш, Арыс, Шымкент сияқты қалалар мен ауылдарда өмір сүруі қиын отбасыларға 50-ден астам үй табыстады.
Олардың қатарында жалғыз өзі бірнеше баланы асырап отырған аналар, жұмыссыз қалған отағалары бар жанұялар, табиғи апаттан зардап шеккендер және мүгедектігі бар азаматтар бар. Әрбір отбасының артында — бала тағдыры, баланың болашағы тұрғанын қор ерекше назарда ұстайды. Себебі, жайлы үй — тек баспана емес, бұл — балалардың өз армандарын жүзеге асыратын кеңістік.
Бүгінгі күні үйлі болған Ахлиддиновтер отбасы бұл көмекті жүрекпен қабылдады. «Біз үшін бұл — үлкен қуаныш. Ұлым үшін жайлы, қауіпсіз орта қажет еді. Енді ол өз бөлмесінде еркін білім алып, болашағын жоспарлай алады», — дейді Арман ақсақал.
Жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы табыстады. Қор өкілдері де қатысып, бала тәрбиесінің, оның білім алуы мен қауіпсіз өсуі үшін қоғам бірлесе әрекет етуі қажет екенін атап өтті.
«Әрбір үй — бір баланың үміті. Біз бүгін тек шаңырақ емес, сол үмітті қолдадық», — деді қор жетекшілерінің бірі.
«Үлес» қоры — тек қайырымдылық емес, ұрпақ болашағына бағытталған қозғалыс. Түркістандағы бұл игі іс — соның айғағы. Балаларға жақсылық жасау — ел болашағына салынған инвестиция.
Пікір қалдыру