АЗАТ ШАҒЫНАУДАНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек және Еңбекші аудандық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жандос Бейсенов жауапты сала мамандарымен бірге Азат шағынауданында бірқатар өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында көшпелі аралау жұмыстарын жүргізді.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдау. Көшпелі кеңес барысында аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері шағынаудандағы жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйімен, жарықтандыру, қауіпсіздік және абаттандыру салаларындағы түйткілді мәселелермен егжей-тегжейлі танысты.

Аралау кезінде Азат шағынауданының бірнеше көшесінде аяқжолдардың жоқтығы немесе сапасыз салынуы, сонымен қатар жолдардың тарлығы мәселесі көтерілді. Бұл тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жалпы көлік қозғалысын қиындататыны белгілі. Осыған орай, аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына жаяу жүргіншілер жолын салу және көшелерді кеңейту бойынша нақты жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындап, қаржыландыру көздерін қарастыруды тапсырды.

Аралау барысында қоғамдық көлік аялдамаларының орналасуы мен олардың инфрақұрылымға сәйкестігі де тексерілді. Тұрғындар тарапынан аялдамалардың ыңғайсыз жерлерде орналасқаны, кейбірінің мүлдем болмағаны туралы шағымдар айтылған болатын. Осы мәселеге байланысты, қала көлік және жолаушылар тасымалы бөлімінің мамандарына аялдама орындарын жүйелеп, жаңаларын орнату тапсырылды.

Сонымен қатар, түнгі мезгілде жарықтандырудың жеткіліксіздігі мен жарық шамдарының істен шығуы – тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Осыған байланысты шағынаудандағы көше жарықтарын қалпына келтіру, ақауы бар шамдарды ауыстыру және қосымша жарықтандыру бағаналарын орнату жұмыстары қолға алынатыны айтылды.

Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған спорт және ойын алаңшалары – кез келген тұрғын ауданның маңызды бөлігі. Алайда кейбір алаңдарда жабдықтардың бұзылғаны, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні байқалды. Осыған орай, аудан әкімі жауапты коммуналдық қызметке қысқа мерзім ішінде барлық алаңшаларды тексеріп, ақауларды жоюды тапсырды.

Шағынаудан тұрғындары үшін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – аса маңызды. Осыған байланысты Еңбекші аудандық Полиция басқармасының бастығы Жандос Бейсенов қоғамдық тәртіпті сақтау, әсіресе кешкі және түнгі уақытта көшелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту керектігін жеткізді. Учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция жасағының жұмысы жүйеленіп, бақылау күшейтілетін болады.

Аудан әкімі Досбол Есілбек аралау қорытындысында барлық көтерілген мәселелер жүйелі түрде бақылауға алынатынын, және тиісті жұмыстар белгіленген мерзімдерде орындалуы тиіс екенін қадап айтты. Ол тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, барлық инфрақұрылымдық мәселені кезең-кезеңімен шешуге уәде берді.

– «Әрбір тұрғын ауданның жай-күйіне бейжай қарамай, бізбен бірге елдімекеннің көркеюіне атсалысуы маңызды. Біз жергілікті билік пен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, әрбір азаматтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға мүдделіміз», – деді әкім.

Қорытындылай келе, Азат шағынауданы – қарқынды дамып келе жатқан елдімекендердің бірі. Бұл ауданда тұрғындар саны жылдан-жылға артып келеді, демек, инфрақұрылымды жетілдіру – уақыт талабы. Қазіргі таңда көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Билік пен қоғам арасындағы ашық диалог, өзекті мәселелерге жедел әрекет ету – тұрғындардың сенімін арттырып, қаланың әрбір ауданын дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*