ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН “ТҰРМЫС” ІС-ШАРАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласы аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы белсенді түрде жалғасып жатыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты – отбасы-тұрмыстық салада құқық бұзуға бейім тұлғаларды анықтап, олардың әрекеттеріне уақытылы тосқауыл қою, сондай-ақ әлеуметтік әлсіз топтармен тікелей жұмыс жүргізу арқылы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары мен Жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барып, жағдайларын тексеруде. Атап айтқанда, қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғалар, сот шешімімен ерекше талапқа қойылған азаматтар, маскүнемдік пен нашақорлыққа бейім жандар, сондай-ақ жайсыз отбасылар ерекше бақылауға алынып отыр.

Тәртіп сақшылары мұндай тұлғалармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіп, қайталап құқық бұзу деректеріне жол бермеу, жанжалдардың алдын алу, отбасындағы тұрақтылықты сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – отбасында орын алатын зорлық-зомбылық, жанжал немесе заңсыз әрекеттерді болдырмау, қауіп төнген жағдайда дереу шара қолдану.

Полиция қызметкерлері әрбір отбасылық құқық бұзушылықты қоғамдағы жалпы тұрақтылыққа төнген қауіп ретінде қарастырады. Осы ретте, «Тұрмыс» іс-шарасы құқық бұзуға бейім азаматтардың жауапкершілігін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға сеп болады.

Шымкент қаласының Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, «Тұрмыс» іс-шарасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң әсер етіп келеді. Қаланың түрлі аудандарында учаскелік инспекторлар жүздеген отбасының тұрмыстық жағдайын бақылауға алып, құқық бұзушылықтарға бейім жандармен жұмыс жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері тіркелген бірқатар тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға дәл осындай профилактикалық шаралар әсер еткен. Көп жағдайда полицияға дер кезінде хабарлау мен алдын алу әңгімелерінің арқасында отбасындағы кикілжіңдер ушықпай шешімін табады.

Тұрғындар арасында құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру да – “Тұрмыс” іс-шарасының басты міндеттерінің бірі. Полиция қызметкерлері өз тараптарынан көмекке мұқтаж әрбір азаматтың жанайқайына құлақ асып, тұрмыстық қиындықтарға бейжай қарамай, әлеуметтік серіктестермен бірлесе әрекет етуде.

Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы да құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар отбасындағы зорлық-зомбылық деректерін жасырып қалмауға шақырылуда. Бұл бағытта психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен дағдарыс орталықтарының мамандары да белсенді қатысуда.

 “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы отбасы институтының маңызын арттырып, отбасындағы тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолындағы маңызды қадам болып отыр. Полиция департаменті өкілдері азаматтарды өз құқықтарын білуге, заңды сақтауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік танытуға шақырады.

Қоғамда тәртіп пен тыныштықты сақтау – тек полиция қызметкерлерінің емес, әрбір саналы азаматтың ортақ міндеті екенін естен шығармаған жөн.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*