
Бүгінде интернет кеңістігінің қарқынды дамуы күнделікті өмірімізге айтарлықтай оң әсерін тигізіп отырғанымен, сонымен қатар жаңа қауіптердің де белең алуына себеп болуда. Соның ішінде, азаматтардың жиі тап болатын проблемасының бірі – интернет алаяқтық. Бұл – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.
Осыған байланысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің Еңбекші аудандық Полиция басқармасына қарасты Жергілікті полиция қызметі бөлімінің 34-ші учаскелік полиция пунктінің инспекторлары интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Учаскелік полиция инспекторлары қала аумағында халық көп шоғырланған орындарда, атап айтқанда базарлар, дүкендер, тұрғын үй аулалары, банкомат маңдары мен қоғамдық көліктер аялдамаларында түсіндірме жадынамалар таратып, интернет алаяқтардың алдау тәсілдері жайлы ақпарат беруде. Сонымен қатар, профилактикалық әңгімелесу барысында азаматтарға алаяқтықтан сақтану жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Жадынамада әсіресе мына мәселелерге ерекше назар аударылған:
-
Бейтаныс сілтемелерге өтпеу;
-
Жеке деректерді (банк картасының нөмірі, CVV-код, SMS-код) бөгде адамдарға бермеу;
-
Банк қызметкері ретінде хабарласқандарға сенбеу;
-
Жалған жарнамалар мен ұтыстарға алданбау.
Қазіргі таңда интернет алаяқтар түрлі платформаларды пайдалана отырып, азаматтарды жалған жұмыс ұсыну, инвестициялық жобаларға тарту, банк картасын бұғаттау туралы хабарламалар тарату, онлайн сауда кезінде тауар жеткізбей қою немесе ақша иемденіп кету сынды айла-амалдармен алдап соғуда.
Бұдан бөлек, алаяқтар жалған мемлекеттік қызметкерлер, полиция немесе банк қызметкері ретінде хабарласып, түрлі сылтаумен азаматтардың жеке деректерін иеленіп, есепшоттарын босатып жатқан жағдайлар аз емес. Алаяқтардың психологиялық қысым жасау арқылы құрбандарын шатастырып, тез шешім қабылдататыны да жиі кездеседі.
Осы қауіптің алдын алу мақсатында учаскелік инспекторлар күнделікті жұмыс кестесіне қарамастан, қала тұрғындарымен жеке-дара кездесіп, нақты мысалдар арқылы құқықтық сауаттылықты арттыруға бар күшін салуда. Олар тек түсіндірумен шектелмей, алаяқтық фактісі тіркелген жағдайда жедел түрде әрекет етіп, қылмыстың ізін суытпай ашуға бағытталған шараларды қолға алады.
2025 жылдың басынан бері Еңбекші ауданында интернет алаяқтыққа қатысты ондаған дерек тіркеліп, олардың көпшілігі бойынша қылмыстық істер қозғалды, алаяқтар ұсталып, жәбірленушілерге материалдық шығын өтелді. Бұл – полиция мен тұрғындардың өзара әрекетінің нәтижесі.
Интернет алаяқтықпен күрес – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін сақтық танытып, құқықтық сауаттылықты арттыру маңызды. Ал құқық қорғау органдары өз тарапынан түсіндіру, алдын алу және қылмыскерлерді анықтау бағытындағы жұмысын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.
Пікір қалдыру