ТҮНГІ ПАТРУЛЬ КЕЗІНДЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ – ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ШЫНАЙЫ БЕЙНЕСІ

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Оразбекұлы Медетбек пен Артыкбаев Азиз бір күндік қызметтік міндетімен шектелмей, шынайы жанашырлық пен адами болмысты танытты.

2025 жылдың тамыз айының кешкі мезгілінде, шамамен сағат 22:30-дар шамасында, тәртіп сақшылары күнделікті қызметтік патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жүріп, қала шетіндегі бір көшенің бойында жол шетінде жалғыз тұрған автокөлікті байқайды. Күдік тудырған жағдайға бейжай қарамаған полиция инспекторлары бірден тоқтап, мән-жайды анықтауға кіріседі.

Тексере келе, белгілі болғандай, көліктің алдыңғы дөңгелегі жарылып, рөлде отырған егде жастағы азамат көлікті жалғыз өзі жөндей алмай, амалсыздан жолда қалып қойған. Кешкі мезгілде көмек сұрар ешкім болмай, қарт жүргізуші ұзақ уақыт бойы дертті жанын сабырға жеңдіріп, күтіп отырған екен.

Учаскелік инспекторлар бұл жағдайға бейжай қарап өте шықпай, дереу іске кірісіп, автокөліктің дөңгелегін ауыстыруға жәрдемдесті. Сонымен қатар, ақсақалға жылы сөз айтып, қауіпсіздігі үшін көлікті жолдан қауіпсіз аймаққа шығаруға көмектесті. Қажет болған жағдайда жедел жәрдем немесе қосымша техникалық көмек көрсетуге де дайын екендерін білдірді.

Полиция қызметкері – заң мен тәртіптің ғана емес, қоғамдағы бейбітшіліктің де күзетшісі. Бұл оқиға – тәртіп сақшыларының тек заң бұзушылықтармен күресіп қана қоймай, халыққа қамқор бола білетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мұндай әрекеттер полиция қызметінің адами, моральдық-этикалық қырын көрсететін мысалдардың бірі. Әсіресе түнгі уақытта, көпшіліктің көмекке келе қоюы неғайбыл сәтте, полиция қызметкерлерінің көмегі азаматтар үшін аса құнды.

Қария полиция инспекторларының көмегіне шын жүректен ризашылығын білдіріп, бүгінгідей мейірім мен жанашырлықтың сирек кезде орын алатынын айтты.
— «Қазіргі заманда көп адам көмекке келмей, өз жолымен кете береді. Ал мына азаматтар тоқтап, менің жағдайымды сұрап, еш қиынсынбастан көмектесті. Бұл – нағыз ерлік пен азаматтықтың көрінісі. Осындай тәртіп сақшыларына халық разы болуы тиіс», – деді ол ағынан жарыла.

Оразбекұлы Медетбек пен Артыкбаев Азиз – Еңбекші аудандық полиция басқармасында бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкерлер. Олар қызмет барысында әрдайым тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, жергілікті мәселелерді жедел шешуге атсалысып келеді.

Бүгінгі оқиға – тәртіп сақшыларының ресми міндетінен бөлек, адами қасиетінің де биік екенін көрсететін жарқын мысал. Қала тұрғындарының тыныштығы мен амандығы үшін тәуліктің кез келген уақытында қырағылық танытып, қажет болғанда көмек қолын созуға әзір тұрған осындай азаматтар – құқық қорғау саласының абыройын көтеретін тұлғалар.

Полиция қызметкерлерінің мұндай іс-әрекеттері – қоғамдағы сенім мен қолдауды арттыратын маңызды факторлардың бірі. Халық полициядан тек тәртіпті ғана емес, қауіпсіздік пен жанашырлықты да күтеді. Бұл тұрғыда учаскелік инспекторлардың қарапайым көмек көрсетуді азаматтық парыз деп қабылдауы – құқық қорғау саласына деген сенімнің артуына зор үлес қосары анық.

Осындай жанашыр, кәсіби және жауапкершілігі мол қызметкерлердің арқасында құқықтық тәртіп қана емес, қоғамдағы адамгершілік пен сенім де беки түседі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*