ШЫМКЕНТТЕ ҰЛАНДЫҚТАР ҮЗДІК КИНОЛОГТАРДЫ АНЫҚТАДЫ

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының қызметтік бағыттарының бірі – кинологиялық дайындық. Бұл салада қызметтік иттер жауынгерлермен бірге қылмыспен күресте, қоғамдық тәртіпті сақтауда және арнайы операцияларда ерекше рөл атқарады. Осы бағыттағы кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында 2025 жылғы 12-19 шілде аралығында 6506 әскери бөлімінің «Ақтас» оқу орталығының базасында қызметтік иттермен көпсайыс бойынша Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы біріншілігінің жеке-командалық жарысы өтті.

Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес өткізілген жарысты өңірлік қолбасшылықтың кинологиялық қызметінің бастығы, подполковник Эрик Рахимов басқарып, жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аталған іс-шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты түрлі әскери бөлімдерден 8 команда қатысып, кәсіби машықтарын сынға салды.

Жарыс барысында қатысушылар иттермен бірге түрлі тапсырмаларды орындап, із кесу, қарусыздандыру, тәртіп бұзушыны ұстау сияқты күрделі жаттығуларда бақ сынады. Бұл жаттығулар тек иттердің дайындығын емес, кинолог мамандардың кәсіби үйлесімділігін, төзімділігі мен шапшаң шешім қабылдау қабілетін де көрсетті.

Нәтижесінде сержант Ерболат Асановтың жетекшілігімен 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қаласы) командасы үздік өнер көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды 5571 әскери бөлімінің (Алматы қаласы), ал үшінші орынды 3660 әскери бөлімінің (Қонаев қаласы) командалары иеленді.

Бұл жетістік – 6506 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығының жоғары деңгейін және кинологиялық қызметтің сапалы дамып келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, қызметтік иттермен жұмыс істеу – тәртіп сақшыларын заманауи қауіп-қатерлерге қарсы күресте тиімді қолдаудың маңызды бөлігі екенін көрсетеді.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы – елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қоғамдық тәртіп пен стратегиялық нысандарды қорғау, терроризмге қарсы күрес, арнайы операцияларға қатысу сынды маңызды міндеттерді атқаратын әскери құрылым. Ұлттық ұлан сарбаздары – кез келген уақытта ел тыныштығын қорғауға дайын, кәсіби білікті және рухы мықты жауынгерлер.

Ұлан құрамындағы кинологтар да осы маңызды міндеттерді орындауда ерекше орын алады. Олар әрбір операцияда өз иттерімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді күшке айналып отыр. Қызметтік иттер – тек серіктес қана емес, жауынгердің сенімді досы, екінші «көз-құлағы».

Ұлттық ұланда жыл сайын осындай жарыстар мен оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, сарбаздардың кәсіби деңгейі үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл – Ұлттық ұланның жоғары даярлықтағы құрылым екенін, әрбір қызметкердің күнделікті еңбегі мен дайындыққа деген жауапкершілігін көрсетеді.

Осындай іс-шаралар арқылы қызметтік даярлық нығаяды, бөлімдер арасында тәжірибе алмасу жүреді және ең үздік мамандардың есімі ұлықталады. Бұл тек жарыс емес, болашақ қауіпсіздіктің берік іргетасын қалау жолындағы маңызды қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*