
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында игі дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында ауқымды әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бұл жолы шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» жобасы аясында ұйымдастырды. Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтардағы, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде қолдау көрсету.
Игі шараның салтанатты ашылуы Шымкенттегі Достық үйінде өтті. Оған қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер Арипджан Халназаров, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысты. Жиналғандар балғындарға арнап жылы лебіздерін білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Аталған акция аясында кәсіпкер А.Халназаровтың демеушілігімен аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 100 оқушыға 1,5 млн теңге көлемінде мектепке қажетті оқу құралдары – сөмке, дәптер, қалам, пенал және басқа да кеңсе заттары тарту етілді.
Мұнымен шектелмей, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бастауыш сыныпқа баратын 32 бүлдіршінді толықтай оқу құралдарымен қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойнына алды. Сонымен қатар қалалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері де игі іске өз үлестерін қосып, Шымкент қаласының 13 нүктесінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Олар жалпы сомасы 6 миллион теңгені құрайтын кеңсе тауарларын әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларына табыстады.
Жалпы алғанда, қалалық ҚХА мүшелерінің, кәсіпкерлер мен этномәдени бірлестіктердің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында Шымкентте 532 оқушыға 7,9 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл – білім алуға деген тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары тек оқу жылы басталарда ғана емес, жыл бойы жалғасын табады. Олар балалардың сапалы білім алуына және толыққанды дамуына жағдай жасауды басты міндет санайды.
Бұл – бірлігі бекем, игілікке ұмтылған қоғамның жарқын көрінісі. Білімге құштар бүлдіршіндердің жүзінен қуаныш көріп, олардың болашағына сеніммен қарау – әрбір саналы азаматтың парызы. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көмекке мұқтаж отбасы балаларына үміт сыйлай бермек.
Пікір қалдыру