ШЫМКЕНТТЕ САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖ РЕСМИ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

2025 жылғы 2 қыркүйекте Шымкент қаласында еліміздің қорғаныс саласы үшін маңызды тарихи оқиға орын алды — Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Сабыр Рахымовтың есімі берілген әскери колледждің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.

Іс-шара аясында алдымен әскери білім беру ордасына есімі берілген Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл — қазақтың тұңғыш генералына деген құрмет пен тағзымның айғағы болды. Колледждің жеке құрамы, қала әкімдігі, қоғам белсенділері, Қарулы Күштер ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері даңқты қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты бөлімде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу орнының басты кіреберісінде орналасқан символдық лентаны қиды. Бұл рәсім колледждің ресми түрде өз жұмысын бастағанын білдірді.

Өз сөзінде Қорғаныс министрі ел қорғаны болуға бет бұрған жас сарбаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, колледждің атына заты сай болуын тіледі:

– Бұл колледж — батырлықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға шексіз сүйіспеншіліктің нышаны. Ол — еліміздің даңқты генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталуы арқылы ерекше жауапкершілік жүктейді. Болашақ сержанттар тек кәсіби біліммен ғана емес, ұлттық рух пен патриотизм рухымен тәрбиеленуі тиіс, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Салтанатты жиында Қорғаныс министрі Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке әскери бөлімдер мен мекемелерге көрсеткен қолдауы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы белсенділігі үшін алғысын білдіріп, «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті. Министр әкімге әскери гарнизон өміріне тұрақты көңіл бөліп, бірлесіп жұмыс атқарғаны үшін ризашылығын жеткізді.

Министр өз сөзінде колледж оқытушылары мен командирлеріне тек әскери пәндерді ғана емес, болашақ жауынгерлердің бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру қажет екенін ерекше атап өтті. Ал курсанттарға темірдей тәртіппен қатар мықты денсаулық, сапалы білім, жоғары жетістіктер тіледі.

Салтанатты жиында колледж ұланы Сабыр Қошқарбай сөз сөйлеп, жаңа оқу орнының заманауи талаптарға сай жабдықталғанына ризашылығын білдірді. Ол өзімен бірге келген курстастарының әскери білім алуға деген ынтасы жоғары екенін айтып, алда үлкен белестер күтіп тұрғанын жеткізді.

Салтанатты бөлім барысында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер марапатталды. Салтанатты шара колледж ұландарының саптық маршымен және әскери дайындық көрсетілімдерімен жалғасты. Қонақтар назарына әскери техника үлгілері қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыс элементтері көрсетілді. Бұл болашақ сержанттардың физикалық әрі тактикалық дайындығы жоғары деңгейде екенін көрсетті.

Іс-шара соңында шақырылған меймандар колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. Олар оқу корпусы, казарма, кітапхана, мұражай, асхана, спорт залы және стадионды аралады. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған бұл нысандар болашақ сержанттардың сапалы білім мен тәрбие алуына барынша жағдай жасайтынын көрсетті.

Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ашылуы — еліміздегі әскери білім берудің жаңа кезеңінің бастауы. Бұл — ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, тәртіпті, рухы биік, білімді сержанттарды даярлауға бағытталған маңызды қадам. Оқу орнының есімімен байланысты жоғары жауапкершілік – әрбір ұланның бойында батыр рухын жаңғыртып, ел қорғау жолындағы парызын адал атқаруға серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*