ШЫМКЕНТТЕ ПОЛИЦИЯ ЗАҢДАҒЫ ЖАҢА НОРМА ЖӘНЕ «КӨРШІЛЕР БАҚЫЛАУЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖӨНІНДЕ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

Қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – ішкі істер органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда Шымкент қаласында полиция департаментінің бастамасымен халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған бірқатар түсіндіру жұмыстары қолға алынуда. Бұл шаралар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып, тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Жуырда Шымкент қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторлары ПИК өкілдерімен және көпқабатты үй тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Көршілер бақылауы» бағдарламасының негізгі қағидалары мен оны енгізу тәртібі кеңінен түсіндірілді.

Бұл бастама тұрғындардың өз аулаларындағы, подъездеріндегі, айналасындағы күмәнді әрекеттер мен тұлғаларды бақылап, дереу полицияға хабар беру арқылы ұрлық пен басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни, тұрғындардың құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастығы негізінде қылмысқа қарсы әрекет жасау мәдениетін қалыптастыру – басты мақсат.

Полицейлердің айтуынша, көптеген қылмыстар, әсіресе, пәтер ұрлығы мен вандализм тұрғындардың бейқамдығы мен селқостығының салдарынан орын алып жатады. Ал «Көршілер бақылауы» бағдарламасы тұрғындарды өз ортасына бей-жай қарамауға, көрші аулада орын алған күмәнді жағдайларға назар аударуға, қауіптің алдын алуға ынталандырады.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген жаңа норма туралы да түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енген заң нормасына сәйкес, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салынды.

Бұл норма – елдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Себебі құқық қорғау органдарына бейнебақылау мен өзге де заманауи құралдар арқылы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін азаматтардың бет-әлпетін анық көру аса маңызды.

Аталған шектеу бет-әлпетті толықтай жабатын киім түрлеріне, яғни никаб, пәренже, бетперде және өзге де адамның түр-сипатын толықтай жасыратын элементтерге қатысты. Бұл ретте полиция өкілдері хиджаб, химар, шейла сияқты бет ашық қалатын ұлттық немесе діни киімдерге ешқандай тыйым салынбайтынын ерекше атап өтті.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген полиция қызметкерлері бұл талаптың діни сенімге емес, тек қауіпсіздік талаптарына байланысты екенін түсіндіріп, азаматтарды заң талаптарын құрметтеуге шақырды.

Полиция өкілдері аталған заңнамалық өзгерістерге қатысты түсіндіру жұмыстары белгілі бір уақытпен шектелмейтінін, алдағы уақытта да мектептерде, ПИК жиындарында, мешіттерде және адам көп шоғырланатын орындарда жалғасатынын жеткізді.

Сонымен қатар, «Көршілер бақылауы» бағдарламасы да кең көлемде енгізіліп, оның аясында тұрғындармен, пәтер иелері кооперативтерімен, жастар және ардагерлер ұйымдарымен, қоғамдық кеңестермен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Бұл – полиция мен халық арасындағы байланысты күшейтіп, ортақ қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы.

Шымкент қаласында қолға алынған түсіндіру шаралары – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты әрі уақтылы әрекеттер. «Көршілер бақылауы» сынды бастамалар тұрғындардың өз ортасына жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы қауіпсіздікке ортақ үлес қосуына мүмкіндік береді.

Ал заңнамадағы жаңа норма – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің заманауи талаптарына сәйкес келетін, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға арналған маңызды қадам. Бұл өзгерістердің барлығы – ашық қоғам орнатуға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және ел азаматтарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, құқық қорғау органдарымен белсенді серіктестік орнатуға және кез келген күмәнді жағдай туындаған сәтте полицияға жедел хабарласуға шақырады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*