
Отбасындағы тыныштық пен өзара түсіністік – қоғамның берік негізі. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір отбасыларда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері орын алып жатады. Мұндай келеңсіз жайттар адамның физикалық ғана емес, психологиялық денсаулығына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осыған байланысты Шымкент қаласында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жуырда Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы мен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары бірлесіп, арнайы іс-шара өткізді. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары «Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабын басшылыққа ала отырып, «қорғау нұсқамасы» санатымен профилактикалық есепке алынған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – отбасындағы қайталанатын жанжалдың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін болдырмау және есепте тұрған азаматтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Учаскелік инспекторлар профилактикалық есепке алынған тұлғаларға қатысты «қорғау нұсқамасының» талаптарын еске салып, заң талаптарын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік көзделетіні туралы түсіндірді.
Тексеру барысында құқық қорғау органдары Жедел басқару орталығының «102» желісіне жиі түсетін «жанұядағы жанжал» туралы хабарламалар негізінде бірқатар мекенжайларды арнайы назарға алды. Соның бірі – бірнеше мәрте қоңырау түскен үйде полиция қызметкерлері жәбірленуші әйел азаматшаны анықтап, оны қауіпсіздік мақсатында арнайы әлеуметтік мекемеге орналастырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мамандарының айтуынша, зорлық-зомбылық фактілері өздігінен тоқтамайды, егер оған уақытылы шара қолданылмаса, жағдай күрделене береді. Осы себепті полиция қызметкерлері зардап шеккендерге дер кезінде көмектесіп, қажет болған жағдайда жәбірленушілерді қорғаныс мекемелеріне немесе дағдарыс орталықтарына орналастырады.
Заңда көрсетілгендей, егер отбасындағы жанжал қайталанса немесе қорғау нұсқамасы бұзылса, құқық бұзушы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл қоғамда зорлық-зомбылыққа «мүлде төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға бағытталған.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарға үндеу жасап, кез келген отбасылық жанжалдың, оның ішінде зорлық-зомбылықтың елеусіз қалмауы керектігін ескертеді:
«Құрметті тұрғындар! Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз. Бұл – жай кеңес емес, өміріңізді сақтап қалатын маңызды қадам болуы мүмкін. Зорлыққа жол бермейік!»
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек жеке отбасының мәселесі емес, бүкіл қоғамның күрделі дерті. Оның алдын алу – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық борышы. Отбасыдағы зорлықты жасыру – мәселені шешпейді, керісінше тереңдетеді.
Шымкент қалалық полициясы осындай алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді және болашақта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады. Тыныш әрі қауіпсіз қоғамды бірге құрайық!
Пікір қалдыру