ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы республикада көш бастап тұр

Қазіргі таңда, елімізде жұмыс істеп тұрған 10 арнайы экономикалық аймақтардың ішінде Шымкенттегі  аумағы 200 гектар жерді құрайтын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ең табысты жұмыс істеп тұр , деп хабарлайды «Күнгей.kz» ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр мәлімдеді.

«Жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтар ішінде ең тиімдісі ретінде ерекше «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын айтса болады. Онда бюджеттің 1 теңгесіне, 15 теңге инвестиция тартылған. Шағын орта бизнес кәсіпорындары, шоғырландырылған тоқыма кластері қалыптастырылды. Арнайы экономикалық аймақ мемлекет қолдауынсыз өздігінен жұмыс істейді»,— деді министр.

Республикамыз бойынша бүгінде 12 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Олардың орташа табысы қазынаның 1 теңгесіне 2,8 теңге инвестицияны құрап отыр.

Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы аумағы 89 гектар болатын «Тассай» индустриялды аймағы да республика бойынша 2 орынға тұрақтап, жоғарыдан көрінді. Бұдан бөлек аумағы 337 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» индустриялды аймағы бар екенін де естеріңізге сала кетейік. Қазірде шымшаһардағы индустриялды аймақтарда 45 миллиардқа 65 жоба іске қосылып, 4 жарым мыңнан аса жұмыс орны құрылған. 2021 жылға қарай құны 72 миллиард теңгені құрайтын 66 жобаны жүзеге асырып, 2 жарым мыңдай жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. «Оңтүстік» индустриялды аймағында 1 бюджеттік теңгеге 10 теңге инвестиция, ал «Тассайда» қазынаның 1теңгесіне 38 теңге жеке инвестиция тартылған. Яғни, үшінші мегаполистегі индустриялды аймақтардың құрылысына қазынадан 8 миллиард теңге жұмсалған. Алайда, ондағы кәсіпорындар бүгінге дейін мемлекетке 11 миллиард теңге салық төлепті. Қазір қаладағы индустриялды аймақтардың аумағы түрлі жобаларға толып қалған. Сол себепті, тағы 76 гектарға жаңа «Жұлдыз» индустриялды аймағын құру жұмыстары жүріп жатыр екен. Онда негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген.

«Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен инфрақұрылым жүйесіне 2 миллиардтан кем бюдждеттік өтінімдер қабылданбайды. Бұл өз кезегнінде индустриялды аймақтардың құрылуына шектеу болып жатыр. Аталған мәселені ескеріп, «Бизнестің жол картасы 2020″ бағдарламасын қайт қарап, 1 миллиард теңгеге дейін төмендетуге ықпал етуді сұраймыз. Сонымен қатар, индустриялды аймақтар аумағында энергия қолданушы кәсіпорындардың тарифтерін субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Мәселен, өңір үшін газ маңызды рөл атқарады. Бүгінде газ тарифы 36 теңгені құрайды. Бұл республика бойынша ең жоғарғы тариф болып саналады. Егерде аталған бастамаға қолдау көрсетілсе, индустриялды және арнайы экономикалық аймақтардың тартымдылығын арттыратын едік. Екінші ұсыныс, республикадағы фармацевтика өнімдерінің 44 пайызы Шымкентте өндірілетінін ескере отырып, экономикалық қызметі түріне фармацевтика өнеркәсібін енгізуді сұраймыз»— деп әкім бірнеше ұсынысын айтып қалды..

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*