
Қазақстанға келген шетелдік азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің полиция қызметкерлері жаңа бастама көтерді – туристерге арнайы ақпараттық карточкалар таратыла бастады. Қаланың көрікті орындарында қолға алынған бұл жоба қонақтардың өзін еркін әрі жайлы сезінуіне жағдай жасауға бағытталған.
Карточкалардың басты ерекшелігі – QR-кодтың болуы. Ол азаматтарды safetravel.kz сайтына апарады. Бұл интернет-ресурста бірнеше тілде шетелдік қонақтарға қажетті мәліметтер топтастырылған. Атап айтқанда, жедел қызметтердің нөмірлері, көшеде жүру және қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, такси қызметтері мен мобильді операторлар туралы ақпарат, сондай-ақ жеке қауіпсіздікке қатысты пайдалы кеңестер қамтылған. Полицияның айтуынша, мұндай қадам туристерге құқықтық сауаттылықты арттыруға көмектесіп, төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдауына сеп болады.
Шымкент қаласында бұл бастаманың тиімділігі бірден байқалды. Мәселен, «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында Литвадан келген турист Мантас адасып қалып, қонақүйіне қайта алмай қалған. Байланыссыз қалған шетелдікке бірден туристік полиция қызметкерлері көмекке келді. Полицейлер оның телефонын зарядтап, жол сілтеп қана қоймай, уақытша орналасатын орын тауып берді. Жағдайдың сәтті шешілген сәті түсірілім тобының камерасына да түсіп қалды. Абырой болғанда, оқиға үлкен қиындықсыз аяқталып, турист Шымкенттегі сапарын жалғастырды.
Тағы бір мысал – Аль-Фараби аудандық полиция басқармасының фронт-офисіне құқықтық кеңес алу үшін Италиядан келген Лука есімді азамат жүгінді. Полиция қызметкерлері оған қызықтырған барлық сұрақтары бойынша толық ақпарат беріп, пайдалы мобильді қосымшаны жүктеуге көмектесті. Сонымен қатар қолжетімді сервистер туралы кеңес беріп, қаладағы қауіпсіз бағыттар жөнінде түсіндірді. Шетелдік турист көрсетілген қамқорлық үшін шынайы алғысын білдіріп, Шымкентте өзін толық қауіпсіз сезінетінін ерекше атап өтті.
Бұл оқиғалар туристік полицияның шетел азаматтарына деген жанашыр көзқарасын айқын көрсетті. Қала қонақтары кез келген жағдайда көмек пен кеңес алу үшін тәртіп сақшыларына жүгіне алады. Полицияның басты мақсаты – Қазақстанға келген әрбір туристің елде жағымды әсер алып, өзін қауіпсіз ортада сезінуін қамтамасыз ету.
Жаңа бастама әрі нақты мысалдар полиция қызметінің тек құқық қорғау ғана емес, сонымен бірге қонақжайлылық пен сенімділікке негізделгенін дәлелдейді. Шетелдік азаматтарға көрсетілетін мұндай қамқорлық Қазақстанды туристік бағыт ретінде дамытуға да оң әсер етеді.
Пікір қалдыру