
Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 27 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы басталды. Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың бірі ретінде қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Акцияны Шымкент қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз әріптестікте жүзеге асырып отыр. Іс-шара аясында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері негізгі назарға алынды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына құқықтық, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, халық арасында сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының қызметін кеңінен насихаттау жоспарланған.
Полиция өкілдері мен серіктес ұйымдар тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл кездесулер барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолдары түсіндіріліп, түрлі ақпараттық материалдар таратылуда. Сонымен қатар, халыққа құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған жадынамалар ұсынылып, құқық қорғау органдарына жүгіну жолдары жайында нақты ақпарат берілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – тек құқық бұзушылықтардың алдын алу ғана емес, сонымен бірге қоғамды отбасылық құндылықтардың маңыздылығына назар аудартуға негізделген. Психологтар мен педагогтар отбасы мүшелері арасындағы сенім мен өзара құрметті нығайтудың маңызына тоқталып, ата-аналарға балаларды тәрбиелеу кезінде ашық қарым-қатынас орнатудың қажеттілігін түсіндірді.
Мемлекет басшысы да, Ішкі істер министрлігінің басшылығы да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесін ерекше бақылауда ұстап келеді. Бұл бағыттағы шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, отбасындағы тұрақтылықты сақтау мен қоғамда бейбіт ахуалды қалыптастыруға да оң ықпал етпек.
Акция барысында әлеуметтік желілерде ақпараттық науқандар жүргізіліп, тұрғындарға зорлық-зомбылыққа жол бермеудің құқықтық тетіктері туралы бейнероликтер мен түсіндірме материалдар ұсынылуда. Сонымен бірге, сенім телефондарының нөмірлері, жергілікті дағдарыс орталықтарының байланыс деректері кеңінен жарияланып, көмекке жүгінудің қолжетімді жолдары көрсетілуде.
«Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы – отбасындағы береке-бірлікті нығайтуға, зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруға бағытталған кешенді бастама. Шымкент қаласында басталған бұл іс-шара азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әрбір отбасында татулық пен сыйластықтың орнығуына үлес қоспақ.
Пікір қалдыру