
Шымкент қаласында полиция департаментінің қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Жуырда ЖПҚБ учаскелік инспекторлары «Көршілер бақылауы» бағдарламасы аясында көпқабатты үйлердің тұрғындарымен және ПИК өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты — құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Инспекторлар «Көршілер бақылауы» бағдарламасының тиімділігін жан-жақты түсіндірді. Бұл бастама тұрғындардың өз аулаларында күдікті жағдайларды немесе бөтен адамдарды байқаса, дереу полицияға хабарлауын көздейді. Осындай сергектік пен бірлескен әрекет нәтижесінде ұрлық сынды қылмыстардың саны азайып, тәртіп бұзушылықтың алдын алуға болады. «Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік — тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Біз бәріміз бірге атсалысқанда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз», — деді кездесуде сөз алған учаскелік полиция инспекторы.
Сонымен қатар, жиын барысында шілденің 12-сінен бастап күшіне енген заңдағы жаңа норма да талқыланды. Енді қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын анықтауға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынады. Бұл шектеу бет-жүзді толықтай жауып тұратын киімдерге, мысалы, никаб пен тұтас бетпердеге қатысты. Полицейлердің айтуынша, мұндай киімдер құқық қорғау органдарының қызметіне айтарлықтай қиындық туғызады, себебі адамның кім екенін анықтау мүмкін болмайды. Ал хиджаб, химар, шейла сияқты беті ашық қалатын ұлттық немесе діни киімдерге бұл талап жүрмейді.
Жаңа норманың басты мақсаты — азаматтардың қауіпсіздігін күшейту және қоғамдық тәртіпті сақтау. Тәртіп сақшылары бұл өзгерістер халықаралық тәжірибеге де сәйкес екенін, көптеген елдерде қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салынғанын атап өтті. «Бұл талап адамдардың діни сеніміне шектеу қою үшін емес, ең алдымен қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілді», — деп түсіндірді инспекторлар.
Жиын барысында тұрғындар полиция қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы ақпараттық парақшалар таратылды. Тұрғындар мұндай кездесулердің пайдалы екенін айтып, қауіпсіздік шараларына атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Көшелерде, қоғамдық орындарда және оқу орындарында арнайы кездесулер өткізу жоспарланған. «Қоғамдық қауіпсіздік — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Біз тұрғындардың қолдауынсыз тәртіп орната алмаймыз. Сондықтан әрбір азаматтың сергек болуы өте маңызды», — деді департамент өкілдері.
Пікір қалдыру