
Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Бұл шара қала көшелерінде, қоғамдық орындарда, көлік торабы мен тұрғындар көп шоғырланған аймақтарда өткізіліп, полицейлердің бақылауын күшейтті. Мұндағы басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу, заңсыз әрекеттердің жолын кесу және қылмыс деңгейін төмендету.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, операция барысында 63 қылмыс тіркеліп, олардың 43-і ашылды. Ашылу деңгейі 68,2 пайызды құрады. Сонымен қатар іздеуде жүрген сегіз қылмыскер ұсталып, құқық қорғау органдарына жеткізілді. Бұдан бөлек, «нелегал» есебінде тұрған 14 тұлға анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Есірткіге қатысты заңбұзушылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Тәртіп сақшылары есірткі заттарын сақтап, алып жүрген 10 деректі әшкерелеп, айғақ заттарды тәркіледі. Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жалпы саны 1582-ге жетті. Оның ішінде спирттік ішімдіктерді заңсыз сатқаны үшін 11 кәсіпкер жауапқа тартылса, ұсақ бұзақылық бойынша 10 жағдай тіркелді. Ал қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе масаң күйде жүру бойынша 89 дерек анықталды. Бұл әрекеттерге қатысты хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды.
Қару айналымына қатысты да заңбұзушылықтар орын алды. Азаматтық және қызметтік қаруды сақтау мен пайдалану ережелерін бұзған 10 дерек тіркелді. Сонымен қатар алты адам әкімшілік қадағалау талаптарын орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Жол қозғалысы саласында да елеулі заңбұзушылықтар байқалды. 24 жүргізуші қарсы жолаққа шығып, жол қауіпсіздігін қатерге тікті. Сегіз адам көлікті масаң күйде басқарған. Полицейлердің айтуынша, дәл осы әрекеттер жол апатына жиі себеп болады және ең үлкен қауіп төндіреді.
Қазақстанда мұндай профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады және ұлттық деңгейде құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған стратегияның маңызды бөлігі болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, уақытылы жүргізілетін рейдтер тек заңбұзушылықты анықтап қана қоймай, полицияға деген сенімді арттырады әрі тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтереді.
Қалалық полиция өкілдері «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының түпкі мақсаты тек заң бұзғандарды жазалау емес екенін айтады. Негізгі міндет – қоғамда заңға құрметті қалыптастыру, жастарды құқық бұзудан сақтандыру және қауіпсіз өмір сүруге шақыру. Осыған байланысты, жастар көп жиналатын орындарда, базарлар мен ойын-сауық мекемелерінің маңында патрульдер күшейтілді.
Мамандардың айтуынша, осындай кешенді шаралар Шымкенттегі қылмыс деңгейін төмендетіп қана қоймай, тұрғындардың өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың амандығы – полиция жұмысының басты басымдығы болып қала бермек.
Пікір қалдыру