
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат ретінде қабылданды. Мемлекет басшысы өз үндеуінде еліміздің экономикасын әртараптандыру, инновациялық технологияларды енгізу және стратегиялық салаларды дамытудың нақты жолдарын ұсынды.
Ауыл шаруашылығы – Жолдауда ерекше орын алған салалардың бірі. Президент агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы оның тиімділігін арттыру қажеттігін айтты. Бұл қадам ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спутниктік бақылау жүйелерін жетілдіру арқылы жер ресурстарын тиімді пайдалану, өнімділік пен есептілікті арттыру да басты назарда болмақ.
Жолдауда өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі де кеңінен қамтылды. Президент бұл саланы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру міндетін қойды. Бұл үшін инновацияны енгізу, экспорттық әлеуетті арттыру және кадрларды заманауи талаптарға сай даярлау бағытында кешенді шаралар қабылданады. Шикізатқа тәуелділіктен арылу – экономиканың тұрақтылығы мен ұзақмерзімді дамуының кепілі.
Мемлекет басшысы сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың рөлін күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Бұл аймақтар инвестициялық ортаны жақсартуға, жаңа өндірістер ашуға және отандық өнімдердің халықаралық нарыққа шығуына жол ашады. Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін басқару тетіктерін жетілдіру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және заңнамалық базаны жаңарту көзделуде.
Тағы бір маңызды бағыт – жер қойнауын барлау және игеру саласындағы цифрлық шешімдерді қолдану. Президент геологиялық зерттеулерге жасанды интеллект пен Big Data технологияларын енгізу арқылы жаңа кен орындарын анықтау мен игеру үдерісін жеделдетуді тапсырды. Бұл еліміздің табиғи ресурстық әлеуетін толыққанды пайдалануға жол ашады.
Осы бастамалардың барлығы Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына тың серпін береді. Ел экономикасының әртараптануы, жаңа технологияларды енгізу мен адами капиталды дамыту – ұлттық мүддені қорғаудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты жолы.
Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді табысты жүзеге асыру арқылы Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, тұрақты, инклюзивті және технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналуға бір қадам жақындайды.
Пікір қалдыру