
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесулер өтуде. Бұл маңызды жобаның мақсаты – жастар мен аға буын өкілдері арасындағы байланысты нығайту, қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жастардың азаматтық белсенділігі мен көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
Игі бастама аясында алғашқы кездесулер Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде және Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 жалпы орта мектебінде өтті. Ал бүгінгі шара Шымкент қалалық Политехникалық колледжде ұйымдастырылды. Келесі кездесулер М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі мен «Достық үйінде» жалғасын таппақ.
Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары Ержан Ибраев пен бас сарапшы Ботакөз Жарқынбекқызы арнайы іссапармен келіп қатысты. Сонымен қатар, жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманалы Байдаулетов, ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Аналар кеңесінің мүшелері, колледж студенттері мен оқытушылар қатысты.
Жиын барысында жастарды азаматтық жауапкершілікке баулу, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау, жастардың пікірін ашық жеткізуіне мүмкіндік беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдары талқыланды. Сарапшылар жастардың санасына ұлттық бірлік, толеранттылық, бейбітшілік пен өзара сыйластық қағидаттарын сіңірудің маңыздылығын атап өтті.
– Қоғамның дамуы ең алдымен жас буынның белсенділігіне байланысты. «Даналық көпірі» – үлкендер мен жастар арасындағы алтын көпір. Ақыл мен өмірлік тәжірибені жастарға жеткізу – біздің басты парызымыз. Жастардың ойы тың, көзқарасы жаңаша. Оларды қоғамның өзекті мәселелеріне бейжай қарамай, белсенді болуға шақыру – осы кездесудің басты мақсаты. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан да біз оларды теріс діни ағымдардан, этносаралық араздық тудыратын әрекеттерден, әлеуметтік желілердегі арандатушылықтан сақтандыруымыз қажет, – деді сарапшы Ержан Ибраев.
Кездесуде тек пікір алмасу ғана емес, нақты ұсыныстар да айтылып, болашақта атқарылатын іс-шаралардың бағыт-бағдары белгіленді. Жастар өз сұрақтарын қойып, қоғамдағы толғандыратын мәселелер жөнінде ашық ой бөлісті. Сарапшылар мен аға буын өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың белсенділігіне оң баға берді.
«Даналық көпірі» жобасы – ұрпақтар сабақтастығы мен өзара түсіністікті нығайтудың нақты үлгісі. Мұндай кездесулер қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруда үлкен рөл атқарады. Жоба арқылы жастар еліміздегі этносаралық татулықтың, қоғамдық келісімнің, өзара сыйластық пен бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін терең түсінуге мүмкіндік алады.
Жалпы, бұл бастама қоғамдағы түрлі буын өкілдерінің арасында сенім мен диалогты арттыруға, жастардың мемлекеттік саясатқа белсенді қатысуына жол ашатын маңызды алаң болып отыр. «Даналық көпірі» жобасы алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын тауып, жастар мен қоғамның арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті арттыруға серпін бермек.
Пікір қалдыру