ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ: ШЫМКЕНТТЕ ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Шымкент қаласында өткен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын білім беру саласындағы еңбегі еленген ұстаздарды құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл іс-шара ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, олардың білім мен тәрбие саласына қосқан зор үлестеріне шынайы алғыс білдірген мерекеге айналды.

Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, аудан әкімдері, басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ қаладағы 2000-нан астам педагог қатысты. Зал толы мұғалімдердің жүздерінен қуаныш пен тебіреніс сезілді. Бұл жиын шын мәнінде ұстаздарға деген құрметтің көрінісіне айналды.

Мерекелік шарада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік наградалары табысталды. Шымкент қаласынан төрт ұстаз «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, бірқатар мұғалімдер «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, сондай-ақ қала әкімі мен қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Әр марапат — ұстаздардың жылдар бойы қажырлы еңбек етуінің, адал қызметінің жемісі.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде ұстаздардың қоғамдағы орны мен маңызды рөлін ерекше атап өтті.

— «Ұстаздық — тек қана мамандық емес, ұлы миссия. Әрбір адам қандай жетістікке жетсе де, ұстазының алдында шәкірт болып қалады. Ұстаз — ұлт болашағының шамшырағы. Ол — адамның өміріндегі ең қадірлі тұлға. Ұстаздар жас ұрпақты білімді, парасатты, Отаншыл және адал азамат етіп тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет үшін ұстаздың маңызы зор, өйткені олар адами капиталды қалыптастырады. Сол себепті ұстаздардың мәртебесін арттыру — мемлекеттің басты міндеті. Қазір мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілігін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Шымкентте де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде қаламызда 32 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың шеберлігі мен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. Биыл Шымкентте төрт ұстаздың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алуымен мұғалімдер мамандығының беделі артып, жаңа буынға үлгі боларлықтай оқиға болды», — деді қала әкімі.

Салтанатты жиынның соңында әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылып, ұстаздарға арналған әндер мен күйлер орындалды. Шымкенттің талантты өнерпаздары, сондай-ақ қала жұртшылығының өкілдері мұғалімдерге деген құрметін өнер арқылы білдірді. Әндер мен жүрекжарды құттықтаулар ұстаздарға деген халықтың алғысын айқын көрсетіп, бұл күнді педагогтер үшін ерекше сәтке айналдырды.

Жиын ұстазға құрмет көрсету ұлттық тәрбиенің негізі екенін тағы бір рет дәлелдеді. Шымкент ұстаздарына көрсетілген ықылас олардың қоғамның рухани тірегіне қосқан өлшеусіз үлестерін бағалау ғана емес, еліміздің болашағы үшін еңбек еткен ұстаздардың еңбегіне берілген адал баға болып табылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*