
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас патриоттар – «Жас сақшы» полиция сыныптарының оқушылары үшін есте қаларлық маңызды шара өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен өтетін ҚР ІІМ кубогына арналған шағын футбол турнирі алдында оқушыларға арналған республикалық кездесу ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерді құқықтық тәрбиеге баулу, полиция қызметінің мәртебесін арттыру және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Республикалық ауқымдағы кездесуге ел бойынша 250-ге жуық «Жас сақшы» қатысып, өз аймақтарының намысын қорғады. Салтанатты жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің Жеке құраммен жұмыс департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Евнеев сөз сөйлеп, жас буынға елге адал қызмет етудің маңызын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар ел тәуелсіздігі жолында қаза болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлік рухына тағзым етті. Бұл – жас буынға отансүйгіштік пен батылдықтың, адамгершілік пен парыздың нақты үлгісі болды.
Шараның келесі бөлігі оқу орталығының саптық алаңында өтті. Мұнда Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлері арнайы дайындық элементтерін көрсетіп, полицияның жедел әрекет ету тәсілдері мен дене шынықтыру жаттығулары бойынша шеберліктерін паш етті. Оқушылар шынайы жаттығу барысын қызығушылықпен бақылап, тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінің қаншалықты жауапты және қауіпті екенін өз көздерімен көрді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «Жас сақшылар» оқу орталығының атыс және дене даярлығы циклының ұйымдастыруымен полиция қызметкерлері пайдаланатын қару түрлерімен танысты. Олар әр қарудың қолданылу ерекшелігі мен қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты мағлұмат алды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы Полиция департаментінің және ҚР Ұлттық ұланның «6506» әскери бөлімінің арнайы техникалары да таныстырылды.
Жас сақшылар оқу орталығының мұражайын аралап, генералдар кабинетімен және тарихи атлас карталар галереясымен танысты. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігі мен өмірі жайлы тарихи бейнефильм тамашалады.
Іс-шара барысында жас қатысушылар тәулік бойы оқу орталығының базасында болып, полиция қызметкерлерінің күнделікті өмірімен етене танысты. Бұл олардың болашақта ел қорғау жолында қызмет етуге деген ынтасын арттырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жасөспірімдердің бойында тәртіп пен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, құқық қорғау саласына деген құрметті күшейтеді.
Алдағы күндері жас сақшылар арасында өтетін футбол турнирі командалық рухты, достық пен өзара қолдауды нығайтуға бағытталған. «Спорт – есірткіге қарсы» атты бұл бастама жастарды салауатты өмірге, ерік-жігер мен батылдыққа тәрбиелеуді көздейді.
Бүгінгі жас сақшы – ертеңгі ел қорғаны. Мұндай іс-шаралар арқылы еліміздің болашағы саналатын жас буын өз елінің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын, жігерлі де білімді ұрпақ болып қалыптасатыны анық.
#ЖасСақшы #ІІМКубогы #БауыржанМомышұлы #СпортЕсірткігеҚарсы #ШымкентПолициясы #ЕлҚорғаны #СалауаттыӨмірСалты #ТәртіпПенЗаң
Пікір қалдыру