Қазақ елінің тарихында ұлт тағдырын айқындаған, рухымызды асқақтатқан айтулы күндер аз емес. Солардың бірі – 25 қазан, Республика күні. Бұл күн – Қазақстанның мемлекеттілікке бет алған алғашқы нақты қадамының белгісі, егемендікке бастар жолдың бастауы. 1990 жылы қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» елдің тәуелсіз даму бағытын айқындап, жаңа дәуірдің есігін ашқан тарихи құжат болды.
Содан бері бұл күн әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше мәнге ие. Республика күні – ел бірлігінің, отансүйгіш рух пен азаматтық жауапкершіліктің мерекесі. Бұл күн – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қадам басуға шақыратын тарихи белес.
Биыл да бұл айтулы мереке еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында кең көлемде аталып өтуде. Қаланың әр ауданында ұйымдастырылған мәдени және қоғамдық іс-шаралар мерекенің рухын айқындап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Соның ішінде ерекше есте қалған іс-шаралардың бірі – Еңбекші ауданында өткен салтанатты концерттік кеш.
Мерекелік жиынды аудан әкімдігі ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды бағдарлама ұсынды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, сахна төрінде облыстық филармонияның өнерпаздары мен би ұжымдары ұлттық және заманауи өнерді тоғыстырған әсерлі қойылымдар ұсынды. Көрермендер ел тәуелсіздігін дәріптеген концертті ерекше ықыласпен тамашалады.
Кеш барысында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел дамуы жолындағы бірлік пен еңбектің маңыздылығын атап өтті.
– Республика күні – мемлекеттігіміздің бастауы, ел болудың айқын нышаны. Бұл мереке әр азаматтың жүрегінде отансүйгіштік сезім мен елге деген сүйіспеншілікті арттырады. Осы тұста ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік кеш аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғам өміріне сүбелі үлес қосқан 15 еңбек адамы – білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, коммуналдық және мәдениет салаларының үздіктері Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапат олардың еңбегіне деген құрмет пен ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі болды.
Марапат иелерінің бірі, «Үздік мұғалім» атанған Салтанат Сеңгірбаева өз әсерімен бөлісті:
– Бұл марапат – менің ғана емес, шәкірттерімнің де еңбегінің нәтижесі. Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде отансүйгіш рухты оятатын ерекше мереке, – деді ұстаз.
Кеш соңында патриоттық әндер мен би қойылымдары орындалып, көрермендер мерекелік көңіл күйге бөленді. Тұрғындар бұл күнді елге деген сүйіспеншілік пен бірлік сезімін ұштастыра қарсы алды.
Республика күні – Қазақстан халқын біріктіретін, ел тарихындағы тағдырлы сәттерді еске түсіретін және мемлекеттіліктің қадірін ұғындыратын мереке. Бұл күн – елдік пен егемендіктің мәңгілік нышаны, тәуелсіздік рухының символы.
Пікір қалдыру