ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ТЫЛ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҮШ КҮНДІК ПРАКТИКАЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ ШЫМКЕНТТЕ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің базасында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасарлары, қаржы басқармаларының бастықтары, сондай-ақ 5573, 6654, 3656 және 6636 әскери бөлімдері командирлерінің тыл жөніндегі орынбасарлары мен қаржы қызметтері бастықтарының қатысуымен үш күндік кеңейтілген практикалық дайындық өтті. Оқу-жаттығу Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тыл басқармасының бастығы полковник Тахир Исламов және бюджет-қаржы басқармасының бастығы полковник Даулет Ахметовтың жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Дайындықтың негізгі мақсаты – офицерлердің кәсіби деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу, біріккен іс-қимыл алгоритмін жетілдіру және тылдық әрі қаржылық қамтамасыз ету жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешу болды. Қатысушылар Ұлттық ұланның тыл саласын дамытудың 2026–2027 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларымен танысып, қаржылық жоспарлау, бюджетті қалыптастыру, есеп жүргізу, әскери нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеуін бақылау бағыттары бойынша жан-жақты тәжірибе жинақтады.

Сонымен қатар, практикалық сабақтарда әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау тетіктері, тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық көмек көрсету, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді қаржыландыру мәселелері толық қамтылды. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жоспарлау және жүзеге асыру процесі офицерлер үшін ерекше қызығушылық тудырып, маңызды талқылауларға арқау болды.

Полковник Тахир Исламов өз сөзінде мұндай жиындардың маңыздылығына тоқталып, тыл және қаржы бағытындағы офицерлердің кәсіби дайындығын жетілдіруде оның тиімділігін атап өтті:
– «Бұл жиындар тәжірибе алмасуға, сараптамалық ой бөлісуге және күнделікті туындайтын мәселелерді шешудің бірізді амалдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Үш күндік дайындық бағдарламасы тек кәсіби оқытумен шектелмей, қатысушыларды рухани тұрғыдан қолдауға бағытталған шаралармен толықты. Делегация Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, еліміздің рухани мұрасымен танысты.

Практикалық дайындықтың қорытындысына арнайы келген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Ербол Құмарбекұлы оқу процесіне жоғары баға беріп, алынған білім мен шеберлікті әскери бөлімдердің күнделікті қызметінде қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Шара Ұлттық ұланның тыл және қаржы жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Ол офицерлердің кәсіби өсуіне ғана емес, әскердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге, бөлімшелер арасындағы үйлесімді байланысты нығайтуға зор үлес қосты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*