Әр халықтың жетістігі – оның ата кәсібімен тығыз байланысты. Қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті төрт түлікпен біте қайнасқан. Сол дәстүрдің бірі әрі өмірлік нәрі – шұбат. Бүгінде ұлттық сусынның қадірін қайта көтеріп, оның өндірісін жолға қойған өңірлердің қатарында Түркістан облысының Созақ ауданы да бар.
Созақ – табиғаты мен климаты түйе өсіруге қолайлы аймақтардың бірі. Мұнда түйе шаруашылығы ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінде аудан экономикасының маңызды саласына айналды. Соңғы жылдары аудан шаруалары шұбат өндірісін кәсіптік деңгейге көтеріп, оны табыс көзіне айналдырып отыр.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Созақ ауданында 10 380 бас түйе өсірілуде. Бұл – облыс көлеміндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Түйе шаруашылығымен негізінен «Балтабай», «Сенім», «Текей», «Созақбай» және «Белгібай» шаруа қожалықтары айналысады. Мәселен, «Балтабай» шаруа қожалығында (төрағасы Тимур Жұманазаров) бүгінде 1 091 бас түйе бағылады. Бұл қожалық тек түйе сүтін жинап, оны өңдеп, шұбат өндіру ісін жолға қойған өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірі.
Тимур Жұманазаровтың айтуынша, түйе сүті – Созақтың алтын брендіне айналуы тиіс:
«Біздің өңірдің табиғаты, жайылымы, ауа райы түйеге өте қолайлы. Түйе жыл он екі ай жайылып, табиғи азықпен қоректенеді. Соның нәтижесінде шұбаттың сапасы да жоғары болады. Қазір күніне 500–600 литрге дейін шұбат өндіріп отырмыз. Нарыққа шығарып, облыс орталығы Түркістан мен Шымкент қалаларына жөнелтеміз», – дейді ол.
Шұбаттың ағзаға пайдалы қасиеттері бүгінде ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр. Коронавирус індеті кезінде халық иммунитетті күшейтудің табиғи жолдарын іздеп, шұбат пен қымызға деген сұраныс артқан еді. Сол кезеңнен кейін де ұлттық сусындарға қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Қазір Созақтағы бірқатар шаруашылықтар шұбат өндірісін арттырып, өнімдерін арнайы тоңазытқыш цистерналармен облыс орталықтарына және көршілес Жамбыл мен Қызылорда облыстарына жеткізеді.
Мәселен, «Сенім» шаруа қожалығы (төрағасы Еркін Асанов) өз фермасында 332 бас түйе ұстайды. Бұл қожалықта өндірілетін шұбат аудан ішіндегі дүкендер мен дәмханаларға жеткізіледі. Шаруашылық иесі келешекте шұбат құю және қаптау цехын ашуды жоспарлап отыр.
«Шұбат – жай сусын емес, ол дәруменге толы табиғи ем. Сұраныс жылдан жылға өсіп келеді, демек бұл салада болашақ бар. Енді өндірісті кеңейтіп, брендтік өнім шығарсақ деген жоспарымыз бар», – дейді Еркін Асанов.
Аудан әкімдігі түйе шаруашылығын қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» және «Агробизнес» бағдарламалары аясында несиелер мен субсидиялар бөлуде. Бұл шаруаларға мал басын көбейтіп қана қоймай, сүтті бағыттағы түйелер өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мамандары шұбатты өңдеу технологияларын жетілдіру, сақтау және тасымалдау стандарттарын үйретуде.
2025 жылы Созақ ауданында шұбат өндірушілердің кооперациясы құрылып, ауылдық округтерде шағын сүт қабылдау бекеттерін ашу жоспарланған. Бұл бастама жергілікті тұрғындардың қосымша табыс табуына және өнімнің сапасын тұрақтандыруға ықпал етпек.
Бүгінде Созақ өңірінде өндірілетін шұбат тек аудан халқына ғана емес, көршілес өңірлердің тұрғындарына да жетіп отыр. Табиғи өнімге деген сенім артып, ұлттық сусын өндірісі кәсібилік деңгейге көтеріле бастағаны қуантады.
Созақтық шаруалар үшін шұбат – табыс көзі ғана емес, ата кәсібінің жалғасы, ұлттық мұраның өміршең бейнесі.
Ел Президентінің «қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету» жөніндегі Жолдауы да осы еңбекқор шаруалардың еңбегін бағалауға бағытталған.
Киелі Созақ жерінің түйе сүтінен дайындалған шұбаты бүгінде ауданның ғана емес, бүкіл Түркістан облысының мақтанышына айналып келеді.
Пікір қалдыру