ШЫМКЕНТТЕ КӨКСАЙ АУДАНЫН ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРЛЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласында Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, ескі тұрғын үйлерді жаңғыртуға және тұрғындарды заманауи, қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксай ауданындағы Транспорт көшесі, 5 және Нұрлыбаев көшесі, 2 мекенжайларында тұрған 20 отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Мегаполис басшысы тұрғындарды қоныстойымен және мемлекеттік мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық, бақ-береке және барлық бастамаларына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасын іске асыру басталғалы бері аудан аумағынан барлығы 103 отбасы көшірілді. Олар Шымкент-сити және Тұран шағынаудандарында орналасқан заманауи әрі абаттандырылған тұрғын үйлерге орналастырылды. Жаңа пәтерлер таза әрлеумен тапсырылып, қоныстануға толық дайын күйде берілді. Сонымен қатар, пәтерлердің бөлме саны тұрғындардың бұрынғы баспаналарына сәйкес келеді.

Қала әкімдігі тарапынан тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен олардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Жаңарту жұмыстары барысында көшіру үдерісі тұрғындардың мүддесін ескере отырып, ашық әрі жоспарлы түрде жүргізілуде.

Аталған тұжырымдама аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Көксай ауданын жаңарту жобасы Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қала аумағында жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*