Шымкент қаласында өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобалар аясында бір мезетте екі жаңа өндіріс нысаны іске қосылды. Жаңа кәсіпорындардың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Алдымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан «Marvik Partners» ЖШС-нің тоқыма емес материалдар өндіретін фабрикасы пайдалануға берілді. Кәсіпорын спанбонд өнімдерін шығаруға маманданған. Бұл өнімдер жеңіл өнеркәсіпте, медицинада, құрылыс саласында және өзге де бағыттарда кеңінен қолданылады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 4,7 млрд теңгені құрады. Фабрика 136 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 4,8 мың тоннаға дейін жетеді. Өндірісті орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақтан көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген. Заманауи жабдықтармен қамтылған фабрика импортты алмастыруға бағытталған.
Осы күні сондай-ақ «Alliance Buildings» ЖШС-нің металл есіктер шығаратын зауыты ашылды. Кәсіпорында пәтерлік, өртке қарсы және техникалық металл есіктер өндіріледі. Зауыт оңтүстік өңірлерді сапалы құрылыс өнімдерімен қамтамасыз етуді, сондай-ақ экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуді мақсат етеді.
Компания келесі жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортты бастауды жоспарлап отыр. Жобаға салынған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгені құрайды. Толық қуатына шыққан кезде зауытта 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жылына 150 мың дана өнім өндіру көзделген.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы Шымкенттің өнеркәсіптік дамуы үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтып, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие салалардың дамуына серпін береді.
Аталған фабрика мен зауыттың ашылуы Шымкент қаласының өндірістік базасын кеңейтіп, өнеркәсіп секторын дамытуға және экономикалық қуатын арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Пікір қалдыру