2026 ЖЫЛДАН БАСТАП ШЫМКЕНТТЕ САЛЫҚ ЕСЕПТІЛІГІ ЖЕҢІЛДЕП, ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Салық кодексіндегі өзгерістер, еңбек қатынастары, өндірістегі қауіпсіздік және мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін қайтару мәселелері қаралды.

Қала бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, 2026 жылдан бастап салық есептілігі айтарлықтай жеңілдетіліп, қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа мөлшерлемелері енгізіледі. Бірқатар тауарлар мен қызмет түрлеріне жеңілдіктер қарастырылып, шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық берілмек. Сонымен қатар, жеңілдетілген салық салу режимдері сақталады. Ал салық берешегі наурыз айының соңына дейін өтелсе, оған салынған айыппұлдар жойылады.

Еңбек қатынастары бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаев 2025 жылы 2 860 өтініш тіркелгенін хабарлады. Нәтижесінде 2 001 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған. Өткен жылы өндірісте 19 жазатайым оқиға тіркеліп, 21 адам зардап шеккен. Негізгі себептер – еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және жұмыс процесін ұйымдастырудағы олқылықтар.

Сондай-ақ, қалада Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 368 мекеменің 332-сі жүйеге штаттық деректерін енгізген.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламовтың мәліметінше, 2025 жылы мемлекет қажеттілігі үшін 406 жер учаскесі алынған. Жалпы аумағы 142,7 гектарды құрайтын 327 учаске бойынша өтемақы төленіп, 53 жер иесіне тең бағалы балама жер телімдері берілген.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*