ШЫМКЕНТТЕ АВТОБУС ПЕН САМОКАТ СОҚТЫҒЫСТЫ: ӘЙЕЛ АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

Шымкент қаласында қоғамдық көлік пен самокаттың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға 20 ақпан күні шамамен сағат 15:30–16:00 аралығында болған. Бұл туралы kungei.kz порталы хабарлады.

Жол апаты Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесінің бойында орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар тасымалдайтын автобус жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан самокат жүргізушісімен соқтығысқан. Оқиға кезінде самокат тізгіндеген әйел адам жолдан өтіп бара жатқан.

Соқтығыс салдарынан самокат жүргізушісі түрлі жарақат алып, оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта зардап шегушінің нақты диагнозы мен денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Осыған байланысты редакция Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сауал жолдаған.

Аталған дерек бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастағанын мәлімдеді. Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, 20 ақпан күні Байтұрсынов көшесі бойында қоғамдық автобус жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан самокат жүргізушісімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы тіркелген.

“Оқиға салдарынан самокат тізгіндеген азаматша ауруханаға жеткізілді. Аталған жайт бойынша тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысымен заң аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады”, – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазіргі таңда жол апатының нақты себептері мен кінәлі тарапты анықтау бағытында тиісті сараптамалық және процессуалдық шаралар жүргізілуде. Мамандар қала көшелерінде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелінде аса мұқият болу қажеттігін ескертеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*