
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бахтияр Есжановтың төрағалығымен Еңбекші аудандық Полиция басқармасында ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қызмет нәтижелерін қорытындылауға арналған жедел кеңес өтті.
Жиынға басқарма басшылығы, бөлімше жетекшілері, учаскелік полиция инспекторлары, тергеу және жедел қызмет өкілдері қатысты. Кеңесте құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күрес, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер сараланды.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен жарияланған «Профилактика жылы» аясында және 2025–2030 жылдарға арналған «Заң және Тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру бағытында қолға алынған нақты шаралар мен жобаларға тоқталып, олардың орындалу деңгейі талқыланды.
Еңбекші ауданы – халық тығыз орналасқан, әлеуметтік жағынан белсенді тұрғындар мекендейтін өңірлердің бірі. Сондықтан бұл аудандағы полиция жұмысы әрдайым жоғары жауапкершілік пен жүйелілікті талап етеді. Басқарманың 6 айда атқарған жұмысы ауқымды әрі нәтижелі болды. Атап айтқанда:
-
Құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді;
-
Қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындармен кері байланыс орнату бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілді;
-
Отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтармен күрес, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл күшейтілді;
-
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар атқарылды.
Кеңес барысында басқарма бастығының орынбасарлары баяндама жасап, бөлімдер бойынша жұмыс нәтижелеріне талдау жасалды. Қызмет барысында туындаған қиындықтар, шешуді қажет ететін мәселелер мен оларды оңтайландыру жолдары қаралды. Сондай-ақ, азаматтардың өтініш-шағымдарын қарау, олардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың сапасы сөз болды.
Полиция полковнигі Бахтияр Есжанов өз сөзінде:
– «Бүгінгі жиын – тек есеп беру емес, болашаққа жоспар құрып, нақты қадамдар жасауға мүмкіндік беретін маңызды кездесу. Алдымызда халықпен тиімді кері байланыс орнату, учаскелік полиция жұмысының тиімділігін арттыру, жастар мен кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізу міндеті тұр. Полиция – халыққа қызмет ететін орган. Сондықтан басты мақсат – азаматтардың сеніміне ие болу және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, ол алдағы кезеңге нақты міндеттер қойып, әр сала бойынша көрсеткіштерді жақсарту, қызмет тәртібін қатаң сақтау, кәсіби біліктілікті арттыру және азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақытылы қарастыру қажеттігін айтты.
Кеңес соңында Еңбекші аудандық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жандос Бейсенов сөз алып, жеке құрамға нақты тапсырмалар берілді. Ол өз сөзінде:
– «Бүгінгі жиналыста берілген барлық тапсырмалар мен нұсқаулар уақытылы әрі сапалы түрде орындалады. Біз құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындармен ашық әрі сенімді диалог орнату жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл – біздің басты міндетіміз және қызметіміздің өзегі», – деп сендірді.
Мұндай жедел кеңестер полиция жұмысының тиімділігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, сонымен қатар қоғаммен өзара байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдары үшін басты басымдық – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау болып қала береді.
Пікір қалдыру