ШАРДАРА: БҰЛ ТОЙ БҰРЫНҒЫСЫНАН ӨЗГЕРЕК

Шардара қаласы тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты ауқымды іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды мерекеге айналды.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков және зиялы қауым өкілдері қатысып, аудан тұрғындарын әз Наурызбен құттықтады. Олар өз сөздерінде бұл мерекенің бірлік пен татулықты нығайтатын, ізгілік пен жаңарудың символы екенін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Көпшілік назарына тұсаукесер, бесікке салу, беташар, қыз ұзату сынды ұлттық рәсімдер сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе, аудан басшысы Арман Қарсыбаев жас бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ жол тілеуі мерекенің мәнін тереңдете түсті.

Іс-шара барысында Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, сахнаны әсем әуенге бөледі. Ұлттық өнердің көріністері жиналған қауымға ерекше рух сыйлап, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Алтыбақан маңында жастар бас қосып, ән айтып, ұлттық дәстүрдің жанданып жатқанын айқын көрсетті.

Сонымен қатар, мерекелік алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қазақша күрес, арқан тарту, асық ату сынды сайыстарда қатысушылар өзара бақ сынап, думанның көркін қыздырды. Бұл жарыстар жастардың күш-жігерін шыңдап қана қоймай, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырды.

Мерекенің ажырамас бөлігі ретінде көпшілікке дәстүрлі Наурыз көже ұсынылып, береке мен молшылықтың белгісі ретінде тарқатылды. Ақ дастархан басында жиналған жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, Наурыздың шынайы мәнін сезінді.

Жалпы, Шардара қаласында өткен бұл мерекелік шара ұлттық дәстүр мен заманауи өмірдің үйлесімін көрсетіп, ел бірлігін нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі әсерлі мереке ретінде есте қалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*